419,66 501.30 5.64
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Әлем вакциналау науқанының алғашқы қиындықтарына тап келді

  • 204
  • UPD: 21:42, 11.12.2020

Ұлыбританияда Pfizer мен BioNTech компаниясы өндірген вакцинадан екі медицина қызметкерінде анафилаксиялық аллергиялық реакция пайда болды. Ақпарат көздерінің хабарлауынша, қазір  екеуі де дін аман. Дәрігерлер оларға дер кезінде көмек көрсетіп үлгерген. Енді Ұлыбританияның дәрі-дәрмекті реттеу агенттігі медициналық препараттар мен азық-түлікке аллергиясы бар тұрғындарға әзірге вакцина қабылдаудан бас тартуға шақырады. Мамандар препараттың нақты қай құрамынан аллергия туындағанын әлі анықтаған жоқ. 

Джун Рейн, медициналық тауар мен дәріні реттеу агенттігінің басшысы:

- Егер препараттан жанама әсер пайда болса, қауіптілігі жоғары топқа жататын тұрғындарға міндетті түрде ескертуіміз керек. Бұрын аллергиясы байқалған немесе аллергиясы бар адамдар екпе қабылдамағаны жөн.

Ал АҚШ-тың азық-түлік және дәрі-дәрмек қадағалау басқармасы Pfizer мен BioNTech компаниялары өндірген препаратты қолданысқа енгізу керек деген пікірде. Болжам бойынша дәрі ертең ресми түрде мақұлдануға тиіс. Кейін жоспар бойынша елде жаппай вакцинациялау науқаны басталады. Алайда препараттың жанама әсер тигізетінін естіген тұрғындардың көбі екпеге күмәнмен қарай бастады.

Естеріңізде болса, осы аптада бұл вакцина сынақтан өткен кезде 6 еріктінің көз жұмғаны жайлы хабар тарады. Марқұмдардың екеуіне препараттың өзін ексе, қалғанына плацебо енгізген. Кейін тағы 4 адамда бет жүйкесінің сал болып қалғаны байқалды. Енді мамандар халық вакцинадан бас тартуы мүмкін деп алаңдап отыр.

Энтони Фаучи, АҚШ-тың бас инфекционисі:

- Вакцинаның оң әсері болса да халықтың шамамен 40 немесе 50 проценті ғана екпе қабылдайтын болады. Ал қауіпсіздікті қамтамасыз ететін ұжымдық иммунитеттің қалыптасуы үшін әлі талай уақыт кетуі мүмкін.

Соңғы кездері ақпарат көздерінде Pfizer вакцинасы төңірегінде сан алуан пікірлер жазылып жатыр. Айта кетерлігі, бүгінде жер бетінде  аллергиялық аурумен ауыратындардың саны өте көп.  

 Энтони Фаучи, АҚШ-тың бас инфекционисі:

- Препараттың аллергия беруі сирек кездессе де, осы ауруы бар адамдардың барлығы оны қабылдау алдында жүз құбылатын болады.

Десе де, Құрама Штаттар вакцинацияға қызу дайындалып жатыр. Аймақтағы ауруханаларда арнайы орталықтар ашылып, дәріні дұрыс сақтау үшін тиісті мұздатқыштар жеткізілді. Басты талап вакцина -70 градуста сақталуы керек.

Жалпы бүгінде Pfizer вакцинасын қолданысқа енгізуді  Ұлыбритания, Сауд Арабиясы, Бахрейн мен Канада ресми түрде мақұлдап үлгерді. Ал Аргентина билігі болса, Ресейдің «Спутник V» препаратымен келісімге отырған. Ресейлік ғалымдардың айтуынша, көрші елдің шығарған дәрісі әлемде ең жоғарғы оң нәтиже көрсетіп отыр. 

Альберто Фернандес, Аргентина президенті:

- Алдағы жылдың қаңтар мен ақпан айларында 10 млн адамға екпе егу үшін жеткілікті доза вакцина жеткізіледі. Мен ресейлік ғалымдарға толығымен сенемін. Ел тұрғындарының да сенім артуына шақырамын. Бірінші болып екпені мен қабылдайтын боламын.

Хабар 24 телеарнасы