419,87 505.95 5.64
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Әлемді қолайсыз ауа райы әбігерге салды

  • 269
  • UPD: 22:46, 11.12.2020

Украина мұз құрсауында қалды. Киевте адамдардың ғана емес, көліктердің де жүруі қиындады. Ал Австралияда орман өрті ырық бермей келеді. Грекия астанасы Афинде құмды дауыл тұрды.

Синоптиктер Австралияның Фрейзер аралында жаз салқын әрі ыңғалды болады деп болжаған. Бірақ жорамал жоққа шықты. Алапат өрт орманның 80 мың гектарын жалмады. Мамандар биыл бұл елде тарихтағы ең ыстық мезгіл болды деп атап өтті. Жаңбыр да аз жауған.

Элспет Мюррей, Happy Valley Community қауымдастығының басшысы:

- Өрт сөндірушілер барын салды. Оларды кінәлай алмаймыз. Бірақ жағдайдың бақылаудан шығып кеткені де жасырын емес.

Киевте керісінше үскірік соғып, украин астанасы мұз қалаға айналды. Соңғы күндері 120-дан астам көлік апатқа түскен. Әсіресе жолаушылар мінетін қоғамдық көліктердің жүрісі қиындады. Жергілікті билік автобустар мен троллейбустар кестеден кешігіп жүретінін ескертті.

Көшелер мен жолдарды қайта-қайта тазалауға тура келеді. Дымқыл қарды арнайы техниканың көмегімен тазаладық. Барлық көшеге көктайғаққа қарсы амалдар жасалды.

Грек астанасындағы жағдай мүлде өзгеше. Афинде жаңбыр жауып, құмды дауыл соқты. Күн қайта-қайта құбылып, салдарынан негізгі көшелерді су басты. Синоптиктердің айтуынша, құм Сахара шөлінен келген. Афинаның Ұлттық обсерваториясы тұрғындарға жолға шықпауды ескертті. Себебі сел жүруі мүмкін.

Автор: Ернат Қашқынов

Хабар 24 телеарнасы