427,15 517.06 5.74
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Үндістанда белгісіз індеттің шығу себебі әлі анықталмай жатыр

  • 148
  • UPD: 11:03, 14.12.2020
Үндістанда белгісіз індеттің шығу себебі әлі анықталмай жатыр

Үндістанда белгісіз індеттің қайдан шыққаны анықталмай жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бір нұсқа бойынша ауру сынап немесе басқа ауыр металдармен уланудан болуы мүмкін. Бұл жергілікті Денсаулық сақтау министрлігінің болжамы. Жұмбақ инфекцияға оңтүстік өңірдің тағы 11 тұрғыны шалдықты. Осылайша, науқастар саны бүгінде 613 адамға жетіп отыр.

Ернат Мелсұлы, тілші:

- Белгісіз індет туралы алғашқы ақпарат Элуру қаласынан тарады. Ә дегенде бірнеше ондаған адам шұғыл көмекке жүгінген. Бәрінің симптомы ұқсас. Басы айналады, ауырады, қалтырайды, талып түседі және қояншығы ұстайды. Дәрігерлер басында бұл ауруды коронавирус деп ойлады. Бірақ тестілер мұны жоққа шығарды. Сосын ластанған ауадан немесе сапасыз тамақтан деген күдік туды.

Әли Хамеш, Нью-Дели емханасының аға дәрігері:

- Тағамтанудың ұлттық институтында анализ алынып, кейбір науқастар жеген күріштен сынап және өзге химикаттар табылды. Ауруханаға түскен басқа сырқаттар пестицидпен өңделген көкөністерді тұтынған екен. Әзірге кесіп айту қиын, бірақ барлық науқастың қанынан фосфор қалдығы анықталды.

Бұдан басқа, тағы бір нұсқа бар. Тәуелсіз сарапшылар қауымдастығы белгісіз індет жақында жүргізілген шегірткеге қарсы күрестің нәтижесі деп жорамалдайды. Тергеу нәтижесі барлық науқастың жәндіктерді өте күшті химикаттармен улаған аудандарда тұрғанын анықтап берген. Әзірге барлық тарап бір нәрсені ғана мақұлдап отыр, яғни індет зиянды қалдықтан туындаған. Бұған дейін мұны созылмалы ауру деп келген болатын.

Радж Лошан, дәрігер-эпидемиолог:

- Науқастардың көбі естен танғанда құлап, содан жарақат алған. Белгілері бойынша бұл ауру қатты ұшынғанды білдіреді. Ендігі мәселе неден ұшынғанын анықтау. Науқастардың айтуынша, олар тұратын аймақта соңғы кездері қоқыс жиналмаған, жағымсыз иіс кетпей қойған. Солардан да улануы мүмкін.

Індет ошағы Элуруға мамандардың қосымша бригадасы жіберілді. Олар базардағы жеміс-жидекті, көкөністі, ауызсу мен топырақты тексереді. Қорытындысы тікелей парламентке жолданады. Тексеріс нәтижесін ең жоғары лауазымды тұлғалардан жасақталған арнайы комиссия қарайды.

Авторлары: Ернат Мелсұлы, Алексей Родионов

Хабар 24 телеарнасы