419,54 511.30 5.71
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Үндістанда лашықтарға жасалатын экскурсияға сұраныс неге жоғары?

  • 96
  • UPD: 09:41, 15.12.2020

Үндістанда қайтадан лашықтарға туристік сапарлар ұйымдастырыла бастады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жергілікті компаниялар осылайша дағдарыстан шығудың жолын іздеп жатыр. Кедей аудандарға ұйымдастырылған экскурсияға сұраныс жоғары. Бірнеше апта ішінде билеттердің құны 4 есеге қымбаттаған. Кедей үнділердің өміріне қызығушылықтың артуына не себеп?

«Лашықтан шыққан миллионер» фильмі жарық көргеннен кейін 2009 жылы алғаш рет Үндістандағы кедей аудандарға туристік сапарлар ұйымдастырыла бастады. Шетелдіктер жағдайы төмен үнділердің тұрмысын өз көздерімен көргісі келген. Туристік сапарды ұйымдастыру идеясы Мумбайдағы саяхат агенттіктердің біріне тиесілі. Экскурсия 2011 жылға дейін туристік нысандардың міндетті бағдарламасына кірген. Енді міне, бірнеше жыл өткеннен кейін бұрынғы турлардың танымалдығын қайтадан арттыру мақсаты көзделіп отыр.    

Норман Криснан, тур ұйымдастырушы:

– Сапар ұйымдастырудың мақсаты – өзгелердің қалай тұратынын көрсету. Көбі лашық тұрғындарының тойып тамақ ішпейтінін немесе күріштің кішентай қаптамасын бір аптаға жеткізуге мәжбүр екенін білгенде таң қалып, сенбей жатады. Тіпті бізден мұның бәрін әдейі жасағансыздар ма? деп сұрап жатады. Өкінішке қарай, бұл шынайы өмір.

Бұл жолғы турлардың ерекшелігі – лашықтағы тұрмысты өз көзімен көріп қана қоймай, осында 3 күнге дейін қалуға болады. Бірақ оның билеті қымбат. Ұйымдастырушыларға 250 доллар және туристі қабылдауға келіскен отбасына күніне 30 доллардан төлеп отыру керек. Бұған жергілікті халық үйреніп қалған. Тіпті кейбіреулері мұны жұмыс деп қабылдаймыз дейді. Алайда психологтар мен заңгерлердің пікірі басқаша.

Сачин Дутт, психолог:

– Бұл дұрыс емес. Лашықтағы адамдар хайуанаттар бағындағы жануарлар емес қой. Ересектер былай тұрсын, балалардың жағдайы не болмақ? Турлар тегін ұйымдастырылса екен. Немесе ерікті түрде жарна төленсе, бір жөн. Ақша лашықтарға су жеткізуге не болмаса балаларға кітап сатып алуға жаратылса, ешкім ештеңе демес еді.

Нью-Дели полицейлері тур ұйымдастырушыларының іс-әрекеті заңға қайшы келе ме, жоқ па, осыны анықтаймыз деп отыр. Бірақ кәсіпкерлер алдын ала мамандармен ақылдасқандарын айтады. Сонымен қоса пандемияның аяқталғанын асыға күтетіндерін жеткізді. Лашықтарға экскурсияға жергілікті тұрғындардан бөлек шетелдіктер де қатыса алатын еді дейді олар.

Авторлары: Жұлдыз Атагельдиева, Устад Рахман

Хабар 24 телеарнасы