420,69 511.30 5.67
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Францияда кәсіпкерлер ереуілге шықты

  • 90
  • UPD: 10:42, 15.12.2020
Францияда кәсіпкерлер ереуілге шықты

Францияда мейрамхана иелері, мерекелік кештердің ұйымдастырушылары, қонақүй мен туризм саласының қызметкерлері биліктің жариялаған шектеу шараларына наразылықтарын білдіріп ереуілге шықты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жиналған жұрт үкіметтен жұмыс істеуге мүмкіндік беруін талап етті. 

Бұған дейін аймақтағы мейрамханалардың жұмысы қаңтардың 20-сы қайта жанданады деп уәде етілген еді. Алайда таяуда елдің экономика министрі бұл мерзімнің әлі нақты емес екенін хабарлады. Оның айтуынша, жағдайдың өзгеруі өңірдегі эпидемиологиялық ахуалға байланысты болмақ. Бүгінде енгізілген карантиннің қатаң шектеу шараларының кесірінен туризм, мейрамхана және қонақүй саласында шамамен 150 мың жұмыс орны қысқарды. Наразылардың айтуынша, бұлай жалғаса беретін болса, алдағы жылы кәсіпорындар банкротқа ұшырауы мүмкін. Мәселен, мемлекеттен көрсетілген қаржылай қолдау мүлдем жеткіліксіз дейді. Тіпті сақтандыру компанияларына да оңай соққан жоқ. Пандемияның салдарынан түскен ауыртпашылықтантан қазір олар өз міндетін атқара алмай отыр. Осыған орай жыл аяғында елдегі сақтандыру компанияларының үштен бір бөлігінің мүлдем жабылатын түрі бар.

Франк Галлян, мейрамхана иесі:

– Қол жайып көмек сұрап жатқан жоқпыз. Бар болғаны бізге жұмыс істеуге мүмкіндік беруді өтінеміз. Қазірдің өзінде жағдайымыз мәс емес. Ал жыл соңында не болмақ? Қаңтар айынан бастап көптеген кафе мен мейрамханалар шығынын өтей алмай қалуы әбден мүмкін. Тіпті коммуналдық төлемге де ақша табылмауы мүмкін. Билік осыны неге ескермейді?

Жак Иассан, іс-шара ұйымдастырушысы:

– Наурыз айынан бері нәпақасыз отырмыз. Биліктің қолдауы мүлдем жетпей жатыр. Кәсіпкерлердің жалдау ақысы, жалақы мен салығы бар. Мына шектеулермен еш нәрсені жоспарлай алмай отырмыз. Тойлар мен өзге де мерекелік іс-шаралар кем дегенде жарты жыл бұрын жоспарланады. Біз болсақ, жұмысымыздың қашан басталатынын да білмей отырмыз.

Хабар 24 телеарнасы