420,31 511.30 5.69
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

АҚШ-та дүйсенбіден бастап халықты жаппай вакцинациялау басталды

  • 125
  • UPD: 18:35, 15.12.2020
АҚШ-та дүйсенбіден бастап халықты жаппай вакцинациялау басталды

Әлемде коронавирусты жұқтырғандар саны 73 миллионға жуықтады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Індеттің ең көп таралуы АҚШ, Үндістан және Бразилияда тіркелуде. Құрама Штаттарда дертке шалдыққандар 16 милионнан асып, кеселден қайтыс болғандар 300 мыңға жетті. Елде дүйсенбіден бастап халықты жаппай вакцинациялау басталды. Pfizer мен BioNTech компаниясы вакцинасының алғашқы 3 миллион дозасы барлық штатқа таратылған. Екпені алғаш болып Нью-Йорк қаласының дәрігерлері алды.

Ал індет ең көп таралған елдің бірі Бразилияда әзірге халықты жаппай вакцинациялауға асығар емес. Жергілікті биліктің мәлімдеуінше, екпе жұмыстары бүкіл ел аумағында келер жылдың наурыз айында басталуы мүмкін. Оған AstraZeneca вакцинасы қолдану жоспарланып отыр. Бірақ бұған дейін кей штаттар жаппай вакцинациялау қаңтар айында қолға алынатынын хабарлаған еді.

Марко Кригер, Fiocruz зерттеу орталығы инновация бөлімінің вице-президенті:

- Біз ақпан айында елге қажетті вакцинаны толықтай шығарып бітеміз деп үміттенеміз. Немесе халықты жаппай егу шарасы жоспарланған наурыз айында дайын болады.

Ал Ұлыбритания астанасында індеттің өршуіне байланысты қатаң карантин енгізіледі. Бұл туралы осы елдің Денсаулық сақтау министрі Мэт Хэнкок мәлімдеді. Шара ертеңнен бастап күшіне енеді. Оған сай Англияның 60% халқы тұратын алып шаһар мен оған қарасты шеткі аудандарда кинотеатрлар мен театрлар жабылып, мейрамхана-дәмханалар тағамды жеткізіп беру қызметіне көшеді. Саябақтарда 6 адамнан артық жиналуға тыйым салынады. Ұлыбританияда вирусты жұқтырғандар саны 1 миллион 900 мыңға жуықтаған.

Хабар 24 телеарнасы