420,18 511.30 5.71
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

АҚШ пен Канадада халықты жаппай вакциналау науқаны басталды

  • 118
  • UPD: 23:09, 15.12.2020

Пандемия басталғалы індетке қарсы вакцина өндіру әлемде басты мәселеге айналды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бір жылға жуық уақыт бойы ғалымдар вакцина табу үшін аянбай тер төкті. Енді міне, Жер бетінің тұрғындары тынымсыз еңбектің жемісін тата бастады. Әлемнің бірқатар елі коронавирусқа қарсы дәріні өз аумағында қолдануға рұқсат беріп, халыққа екпе салуды бастады.

Жаңа дәріні қазір кімдер және қалай қабылдап жатыр?

Кеше ғана мұхиттың арғы бетіндегі Америкада халықты жаппай вакциналау науқаны басталды. Тиімді деп танылған Pfizer мен BioNTech компанияларының препараты елдің түкпір-түкпіріне жеткізіліп, азаматтар егіле бастады. Дертке дәрмен болатын дәріні ең бірінші болып Нью-Йорктегі жансақтау бөлімінде қызмет ететін медбике қабылдады.

Сандра Линдси, медбике:

- Жағдайым жақсы. Препараттың жыл сайын тұмауға қарсы егілетін екпеден еш айырмасы жоқ. Соған қарамастан, шамалы қобалжу болды. Індет кезінде жұмыс істеп жүріп, неше түрлі жантүршігерлік жағдайдың куәсі болдым. Өлімді де, азапты да көрдім. Сондықтан вакцинаны қабылдап, жеңілдеп қалдым.

Алдағы күндері АҚШ-тың жоғары лауазымды тұлғалары да COVID-19 вакцинациясын қабылдайды. Bloomberg агенттігінің мәліметінше, шенеуніктерге аталған препарат алдағы 10 күн ішінде кезек-кезек егіледі. Мәселен, бүгінге дейін вакцинаның алғашқы дозасын АҚШ-тың қорғаныс министрі міндетін атқарып жүрген Крис Миллер қабылдаған.

Крис Миллер, Қорғаныс министрінің міндетін атқарушы:

- АҚШ Қорғаныс министрлігі қызметкерлерінің арасында алғашқылардың бірі болып вакцина қабылдау мен үшін үлкен мәртебе. Сонымен қатар Қорғаныс министрлігінің басшысы ретінде әскери қызметшілерімізге осы препараттың қауіпсіз әрі тиімді екенін көрсету менің міндетім.

Осы бір алпауыт елге жақын жатқан Канадада да қазір жаппай вакцинация жүріп жатыр. Pfizer мен BioNTech-тің препараты бірінші кезекте медицина қызметкерлері мен қарттарға егілуде. Өйткені қауіпті инфекциядан қайтыс болған 13 мыңнан астам адамның 60%-і егде жастағылар екен.

Сесиле Ласко, екпе қабылдаған тұрғын:

- Өзімді жақсы сезінемін. Екпені алғашқы болып қабылдағандардың бірі болғаныма қуаныштымын. Бұл көптен күткен сәт еді. Тіпті сенер емеспін.

Әзірге елге 30 мың доза ғана жетіп, олар бүкіл ел бойынша орналасқан 14 вакцинация орталығына үлестірілген. Алдағы екі аптада тағы 200 мың вакцина дозасы келуі керек. Жалпы Канада АҚШ пен Британиядан кейін Pfizer мен BioNTech препаратын қолдануға рұқсат берген әлемдегі үшінші ел.

Сингапурда Pfizer мен BioNTech компаниялары бірлесіп әзірлеген COVID-19-ға қарсы вакцинаны қолдануға рұқсат етілді. Бірақ шешім уақытша ғана қабылданған. Жергілікті билік «вакцина толық тіркеуден өтуі үшін препараттың ұзақ мерзімді тиімділігі дәлелденуі тиіс», деп отыр. Вакцинаның алғашқы партиясы Сингапурге желтоқсанның соңында жеткізіледі. Бұл елде бүгінде вирус жұқтырғандар саны 58 мыңнан асқан.

Ли Сянь Лун, Сингапур премьер-министрі:

- Алдағы айларда елімізге өзге де вакциналар әкелінеді. Егер барлығы жоспарға сай болса, келесі жылдың үшінші тоқсанында халқымызға жететін екпеміз болады.

Ал індет ең көп таралған елдің бірі – Бразилия әзірге халықты жаппай вакцинациялауға асығар емес. Жергілікті биліктің мәлімдеуінше, екпе жұмыстары тек келесі жылдың наурыз айында басталады. Бірақ Бразилия, АҚШ пен Канада секілді Pfizer/ BioNTech өнімін емес, AstraZeneca вакцинасын қолдануды құп көретін сыңайлы.

Марко Кригер, Fiocruz зерттеу орталығы инновация бөлімінің вице-президенті:

- Біз ақпан айында елге қажетті вакцинаны толықтай шығарып бітеміз деп үміттенеміз. Немесе халықты жаппай егу шарасы жоспарланған наурыз айында дайын болады.

Қалай болғанымен, дертті мейлінше тезірек тоқтату үшін вакцина емес, алдымен ауызбіршілік керек секілді. Сақтық – саулық негізі екені күн сайын айтылып та, жазылып та жүр. Бірақ оның маңызына мән беріп жатқан жандар аз. Себебі шектеу шараларына қарамастан, көзге көрінбейтін вирустан сырқаттанушылар саны әлі де артып жатыр. Вакцина жаһан жұртын үміттендіргенмен, пандемия әлі аяқталған жоқ. Сондықтан тұрғындар тәртіпке бағынса, талап та күшеймейді, ауру да асқынбайтын сияқты.

Хабар 24 телеарнасы