420,31 511.30 5.69
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қырғызстанда президенттік сайлау алдындағы үгіт-насихат науқаны басталды

  • 142
  • UPD: 23:07, 15.12.2020

Бүгін Қырғызстанда президенттік сайлау алдындағы үгіт-насихат науқаны басталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Елдегі ең жоғарғы лауазымға 18 үміткер таласады. 10 қаңтарда қырғыз азаматтары жаңа мемлекет басшысын сайлауы тиіс. Сол күні елдегі билік түрін анықтайтын референдум де өтеді.  

Алғашында Қырғызстан президенті болуға 65 адам ниет білдірген еді. Алайда күн өте үміткерлер саны азая бастады. Біреуі тиісті 30 мың жақтасының қолтаңбасын жинай алмаса, тағы бірі бір миллион сом мөлшерінде ақшалай кепіл таппады. Мемлекеттік тілден емтихан тапсыра алмағандар да бар. Соттылығымен сайлаудан шығып қалғандар да кезесті. Орталық сайлау комиссиясының тексерунінен тек 18 адам сүрінбей өтті. Енді олардың үгіт жүргізуге 25 күні бар.

Абдыжапар Бекматов, Қырғызстан Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары:

- 2473 сайлау учаскесі және автоматты түрде дауыс есептейтін 5700 сайлау жәшігі бар. Әрқайсысына екі жәшіктен жетіп, 800-ге жуығы қорымызда болады. Егер қандай да бір учаскеде бүлінсе, ауыстырамыз. Сайлаушыларды сәйкестендіретін техникалық құрылғылар да жеткілікті.

Қырғызстан Орталық сайлау комиссиясының жұмысы қызды. Қаңтардың 10-ында президенттік сайлаумен қатар референдум де өткізу қажет. Ел тұрғындары президенттік немесе парламенттік билік арасында таңдау жасайды. Егер көбі парламенттік билік жүйесіне дауыс берсе, президенттік сайлауға неге соншама көңіл бөлініп тұр деген сауал туындайды. Сарапшылардың пікірінше, осындай қысқа уақытта халыққа саналы таңдау жасау қиын.

Айнұр Усупбекова, қоғамдық қор жетекшісі:

- Азаматтарымыздың ешқайсысы президенттік немесе парламенттік билік жүйесі нақты қандай болатынын түсіне алған жоқ. Өйткені олардың да әртүрлі нұсқалары бар. Сондықтан азаматтарымыз саналы түрде референдумға қатысуға дайын деп айту қиын.

10 қаңтарда Қырғызстан халқы өз таңдауын жасауы тиіс. Үміткерлер арасында Асқар Ақаев және Құрманбек Бакиев кезіндегі жоғары лауазымды тұлғалар бар. Президент болуға депутаттар, ірі банкирлер, тергеуге түскен милиция генералы ниетті. Бір әйел де жүр. Кезінде Конституциялық палатаның судьясы болған оған 12 мың доллар мөлшерінде кепіл тапсыруға өз қаражаты жеткен жоқ. Алайда жақтастары қалған қаржыны жинап берді.

Авторы: Бақыт Чермашев

Хабар 24 телеарнасы