418,41 511.30 5.70
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Еуропа елдері қатаң шектеу шараларын енгізді

  • 106
  • UPD: 23:14, 16.12.2020

Желтоқсан – сауда-саттық айы.

Өйткені Рождество қарсаңында базар біткен алушыға толып, сатушының асығы алшысынан түседі. Жұрт жаңажылдық базарлық алуға ағылады. Биыл жағдай өзгеше. Себеп – коронавирус. Кәрі құрлықтың бірқатар елі қайтадан қатаң шектеу шараларын енгізді.

Коронавирус төңірегіндегі ахуалдың күрделене түсуіне байланысты Ұлыбритания астанасы мен оның төңірегіндегі аудандарда шектеу шаралары мейлінше күшейтілді. Енді кинотеатрлар мен театрлар жұмыс істемейді. Мейрамхана мен дәмханалар да қызметін тоқтатқан. Көпшілік шара өткізуге де рұқсат жоқ. Көшеде 6 адамнан артық жиналуға болмайды.

Садик Хан, Лондон қаласының мэрі:

– Вирус жұқтыру деректері көбіне 10 мен 19 жас аралығындағы адамдар арасында тіркеліп жатыр. Соңғы аптада осы жастағы азаматтардың инфекцияға шалдығу көрсеткіші 75 процентке артып кетті. Сондықтан лондондықтарды тәртіпке бағынып, ережелерді қатаң сақтауға шақырамын. Тек осылай ғана біз вирус жұқтыру дерегін азайта аламыз.

Ал Германияда шектеу шаралары одан да қатты күшейді. Яғни бүкіл ел бойынша барлық мекеме жабылды. Тек азық-түлік дүкендері мен дәріханалар ашық. Қатаң локдаун қаңтардың онына дейін жалғасады. Президенттің айтуынша, ел тарихында мұндай жағдай бұрын-соңды болмаған. Сондықтан болар, тұрғындар локдаунға бір күн қалғанда жаппай дүкен жағалап, ішер асын, берер сыйын алдын ала қамдап алуға тырысты. 

БЛИЦ:

– Алдағы мерекеге бір нәрсе сатып алуым керек. Кезек ұзақ. Бірақ ол жылдам жылжып жатыр.

– Дүкендерді жабу жағдайды жақсартады деп ойламаймын. Өйткені адамдардың қарасы қалың, көбі қашықтықты сақтамайды.

Францияда керісінше локдаун алынды. Оның орнына коменданттық сағат жарияланды. Енді кешкі сағат сегізден таңғы алтыға дейін тұрғындардың сыртқа шығуына болмайды. Рұқсат тек Рождество түнінде беріледі. Францияда локдаунның алынуына қарамастан, шектеу шараларының көбі күшін жоймаған. Әлі күнге дейін мұражайлар, театрлар мен кинотеатрлар жабық. Табыссыз қалған мәдениет саласының мамандары наразылық білдірді.

Нидерландта да қазір қатаң карантин. Жергілікті биліктің айтуынша, ол 19 қаңтарға дейін жалғасады. Осылайша, билік өкілдері соңғы аптада рекордтық деңгейге жеткен коронавирустық инфекция көрсеткішін төмендетпек. Жаңа тәртіпке сай, сұлулық салондары, мұражайлар, спорт залдары мен басқа да қоғамдық орындар жабылады. Дүкендер де қызметін тоқтатуға мәжбүр.

Хабар 24 телеарнасы