421,98 511.30 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Биыл Дамасктегі Әл-Фараби атындағы ғылыми-мәдени орталық ашылмай қалды

  • 116
  • UPD: 13:04, 17.12.2020

Биыл кемеңгер ойшыл Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойы атап өтіліп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Осы жылы әлем бойынша Әл-Фарабидің 10 орталығы мен екі үйі ашылды.

Шет елдегі Қазақстан елшіліктері ұлы ғұламаның мұрасын дәріптейтін іс-шаралар өткізді. Алайда пандемия біраз жоспарға кедергі болды. Мәселен Шам шаһарында Әл-Фараби атындағы ғылыми-мәдени орталық ашылмай қалды.

Бірнеше қалаға Әл-Фараби суреті ілінді. Швецияда ғұламаның құрметіне шахмат жарысы өтті. Израильдегі Хайфа қаласында көшеге Әбу Насыр есімі берілді. Ұлы оқымыстының мерейтойын атап өту аясында осындай көптеген іс-шаралар ұйымдастырылды. Алайда Елбасының тапсыруымен 2012-жылы Дамаск қаласында салынған Әл-Фараби орталығы әлі күнге дейін ашылған жоқ.

Құрылысы аяқталғанда, Дамаскте әскери қимыл басталып кетті. Соғыстың салдарынан ұзақ уақыт Орталықтың құқықтық мәртебесі анықталған жоқ. Ол  Қазақстан меншігі ме әлде Сирияға табысталған сый ма?

Саеб Нахаз, Қазақстанның Сириядағы Құрметті консулы:

- Бұл ғимаратта университет орналастыруға болады. Студенттер мен оқытушылар Әл-Фарабидің ғылыми еңбектерімен айналысар еді. Ұлы ғұлама ежелгі және орта ғасырлық философия мектептерінің білімін ислам көзқарасына сай дамытып, тәңіршіліктегі бақыт ұғымын қолданған. Ғылыми мұрасының бірегейлігі осында жатыр. Алайда оны толығымен зерттеген жоқ. Әлемдегі мұражайларда сақталған оның қолжазбалары әлі күнге дейін талданбады және ортақ бір жүйеге жиналмады.

Жергілікті тұрғындар Ұлы дала елінен шыққан кемеңгерді біледі. Ол туралы түрлі аңыз айтады. Дамаск орталығында Қазақстанның тарихымен таныс тұрғынды кездестірдік.

Насхуна Ахль, Дамаск қаласының тұрғыны:

- Әл-Фараби мұрасының бірегейлігі – ол Еуропа және Азия философиялық көзқарастарын үйлестірді. Қазақ жерінде дүниеге келіп, бізде жерленген. Қазіргі Қазақстанға қызығып жүрмін және Әл-Фарабидің жетілген мемлекет жөнінде түсінігі халқыңыздың қанына сіңген деп ойлаймын. Ол канун деп аталатын бірегей музыка аспабын жасап шығарған. Аңыз бойынша әмір жасаған тойда ол әуенімен қонақтарды күлдіріп сосын жылатқан екен. Ал үшінші әуен ойнағанда барлығы ұйықтап қалып, Әл-Фараби ешкімге білдіртпей сарайдан шығып кеткен көрінеді.

Өткен жылдың соңында Президент Тоқаевтың тапсырмасымен Қазақстанның жауапты мекемелернің жұмыс тобы Дамаскке барып, тарихи-мәдени орталықтың қазіргі жағдайын зерттеп, алдағы жұмыс жоспарын белгіледі. Кейін коронавирус пандемиясы басталып кетті. Сирия тарапымен өткізген келіссөздерден соң екіжақты келісім дайындалып, Қазақстан оған қол қойды.

Орталық еліміздің меншігі саналып, оны Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Дамаск мемлекеттік университетімен бірлесіп басқаратын болды.

Ғалымқайыр Мұтанов, Әл-Фараби атындағы ҚАЗҰУ ректоры:

- Бұл орталықты халықаралық деңгейге көтеріп, мұнда Қазақстанның мықты ғылыми, ағарту және мәдени орталығын құру біз үшін маңызды. Бұл көпбейінді кешен. Онда ғылыми семинарлар мен мәдени шараларды өткізуге болады. Бұл ойымды Қырымбек Көшербаев басқаратын республикалық комиссия мәжілісінде айтып, бұл орталықты Бұл мәселе шешілсе, қалған сауалдарды өздеріміз шешеміз деп ойлаймын.

Шешімін таппаған мәселелердің бірі осы нысанды жылдар бойы күзетіп келген адамдарға жалақы төлеу болып отыр. Олар Дамаскті зымырандармен атқылағанда да жұмыс орнын тастап кетпепті. Соның арқасында орталықтың бүкіл мүлкі аман тұр. Алайда айлығын уақытылы бермейді екен. Еліміздің Мәдениет және спорт министрлігінің мәліметінше, жалақыны 2016 және 2019 жылы «Қазреставрация» мемлекеттік кәсіпорны тапқан пайдасынан төлепті. Сирия азаматтарына ақша аударудың өзге заңды жолы жоқ. Қазақстан заңына сәйкес елімізден тыс жүрген шетелдіктерге жалақы төлеуге болмайды. АҚШ пен Еуроодақтың Сирияға салған санкциялары да кедергі келтіріп отыр. Бұл елге банктер ақша аудара алмайды. Әл-Фараби орталығы толыққанды жұмыс істеу үшін екі ел келісімді ратификациялауы керек. Сонда барлық мәселелер шешіліп, күзетшілері де тұрақты негізде жалақысын алып тұрады.

Авторлары: Ақмарал Баталова, Тимур Итенов, Евгений Махметов

Хабар 24 телеарнасы