419,69 511.30 5.67
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Украинаның жалақы бойынша қарызы күн өткен сайын өсіп барады

  • 118
  • UPD: 18:00, 17.12.2020

Украинаның еңбекақы бойынша қарызы соңғы он жылдағы есеп бойынша антирекордтық көрсеткішке жеткен. Бүгінде берешек көлемі 140 млн долларға жеткен. Қарыздың негізгі бөлігі кәсіпорындарға тиесілі. 

Украина бойынша еңбекақыны көтереміз деген жоспар іс емес, сөз жүзінде ғана айтылып келеді. Ел тұрғындары айлап заңды айлығын ала алмай отыр. Өкініштісі, берешек бойынша ең қиын жағдай Киевте орын алған. Мұнда мемлекет бойынша ең жоғары жалақы айына 450 долларды құрайды, алайда елдің еңбекақысын бере алмай отырған қарыз компаниялардың да мол бөлігі осында шоғырланған. Жыл басынан бері кәсіпорындардың жұмысшыларға қарызы 25 процентке өскенімен проблеманы шешудің еш жолы қарастырылмай отыр. Ел үкіметі Халықаралық қаржы банкінен келетін көмекке мұқтаждық танытып отыр, жақын уақытта қаржы қоры Украинаға 170 млн доллар несие бермек.

Сергей Марченко, Украинаның қаржы министрі:

- Жағдайдың қиын екенін жасырмаймыз, алайда Украинаның қаржылық болашағы туралы апокалиптикалық болжамдарын жоққа шығарамын. Біз Халықаралық қаржы қорымен тығыз байланыстамыз, 21 жылдың бюджеті туралы келісім жасадық, мұнда кіріс, шығыс пен қаржы тапшылығының негізгі параметрлері туралы келісімге келдік.

Үкімет қарыздың артуына ең басты себеп деп коронавирус пандемиясын айтады, қазына қорына да осы себепті бірнеше рет өзгертулер енгізген. Карантин кезінде шағын бизнестен бастап, ірі кәсіпорындардың табысына айтарлықтай өзгеріс енгені рас, алайда ел экономистері қарыздың артуына Үкіметтің банк саласындағы реформасын да жазғырып отыр.

Андрей Блинов, экономист:

- 2020 жылдың бірінші шілдесінен бастап, Украинаның Ұлттық банкі барлық қаржы ұйымдары және сақтандыру компанияларын бақылауды қолға алады. Сондықтан қазір бұл сала дағдарыс үстінде. Неліктен? Өйткені мұндай банктерде кепілдік беру қоры жоқ, сондықтан қаржы ұйымдары депозит алып алады, алайда ақшаңызды қайта кері қайтармауы мүмкін. Бұл ретте мемлекеттің де қолы байлаулы. 

Жаңа жыл алдында Украина билігі мен бизнесі жалақыны қайтарудың жолдарын жан жақты қарастыруда. Ел үкіметі кәсіпкерлерге борышты жабу үшін несие алуға кеңес береді, алайда бұл несиені қалай қайтарудың жолдарын нақты көрсете алмай отыр. Карантин кезінде елдегі бизнес салықтан да босатылған емес.

Денис Шмыгаль, Украина премьер-министрі:

- Көбінесе жеке кәсіпорындар борышкер болып отыр. Бізде несие беру жолдары, орта және шағын бизнеске арналған басқа да ынталандыру бағдарламалары бар, олар кәсіпкерлерге жалақы қарызын төлеу үшін қосымша қаражат алуға мүмкіндік береді. Статистика бойынша шағын және орта бизнес мұндай ынталандыруды белсенді қолданады.

Еңбекақы бойынша миллиондаған қарызына қарамастан биыл Украинаның минималды жалақасы 10 процентке өсіп, бүгінде 180 долларды құраған. Келесі жылы төлемдерді тағы 30 пайызға көтеру жоспарланып отыр. Ел депутаттары кешіктіріліп берілген жалақы, зейнетақы, стипендия және өзге де әлеуметтік төлемдер үшін өтемақы енгізуді ұсынады, алайда оның мөлшері белгісіз және «мұндай ақша бюджетке салмақ салмайды» деп сендіреді.

Авторлар: Аида Қыдырбай, Петр Борейко

Хабар 24 телеарнасы