421,98 511.30 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Чехияның туризм саласы тұралады

  • 135
  • UPD: 20:04, 17.12.2020

Чехия экономикасының күретамыры - туризм саласы тоқырап тұр. Мамандар «бұл елге туристер алдағы 2 жылда келмейді» деп дабыл қағуда. Жағдайдың бұлай болуына коронавирустың кеңінен таралуы себеп. Әсіресе ел астанасына келетін туристер саны 70 процентке дейін азаюы мүмкін. Бір қызығы, індеттің Прагадағы туризмге тигізген жағымды тұстары бар.

Бір жыл бұрын Прагада бүкіл жерде туристер жүретін. Көшеде мыңдаған шетелдіктің арасынан сытылып өту әжептәуір қиындық тудыратын. Коронавирус келгелі бұл көрініс сап тиылды. Халыққа лық толатын көшелер бүгінде бос тұр. Туристік өндіріс күннен күнге тоқырап барады. Гид болған Лубос Тараба нәпақасыз қалған.

Лубос Тараба, туристік гид:

- Туризм саласы тығырыққа тірелді. Бірақ сенімім әлі жоғалған жоқ. Бәрі жағдайдың түзелуіне байланысты. Бар үміт вакцинацияда.

Прага көңілсіз кейіпте. Былтыр бұл қалаға келген туристер саны 8 миллионнан асып еді. Бірақ шарапқа тойып алғандар түнгі қаланың шырқын бұзатын. Солардың бірі Мартинді сойып, тіпті тісін қағып алыпты. Кәсіпкер әлі күнге дейін ашулы.

Мартин Котас, дәмхана иесі:

- Прага мен Чехия үшін туризмнің маңызы өте зор деп білемін. Адамдардың саяхаттап келгені жақсы. Оны өзіміз де жақсы көреміз. Бірақ проблема тудыратын туристер де жоқ емес.

Коронавирус бір жағынан туризм бизнесін қайта қарастыруға мүмкіндік беруде. Жергілікті билік басымдықты тарих пен мәдениетке берген дұрыс деп есептейді.

Клара Мала, қалалық туризм бөлімінің ресми өкілі:

- Біз ішкі нарыққа көбірек көңіл бөлгенді дұрыс деп санаймыз. Ішіп алып, шатақ шығаратын туристердің көк тиынға қажеті жоқ. Осы тұжырымдаманы енгізу жағын қолға алып жатырмыз.

Әзірге Прагада атақты тарихи орындар негізінен бос тұр. Бірақ сонда да жаймашуақ күндердің алғашқы белгілері пайда бола бастағандай. Музыка ойнап, алғашқы тиын-тебеннің де сыңғыры естіле бастады.

Автор: Ернат Қашқынов

Хабар 24 телеарнасы