418,41 511.30 5.70
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Израильде ел тұрғындарын коронавирусқа қарсы вакцинациялау басталды

  • 100
  • UPD: 09:33, 18.12.2020

Бірінші болып премьер-министрге екпе жасалады.

Алайда вакцина мөлшері тым аз, бәріне бірдей жетпейді. Сондықтан билік үшінші рет локдаун енгізуді көздеп отыр.

Израильде вакцинация науқаны басталады. Емханалар бұл шараға толығымен дайын. Ал әлеуметтік желілерде оның механизмі талқыланып жатыр. Премьер-министр халыққа үлгі көрсету үшін бірінші болып өзіне екпе жасамақ.   

Биньямин Нетаньяху, Израиль премьер-министрі:

– Өзім оқшауланғанмын, жақында мерзімі аяқталады. Сенбі күні кешке екпе жасауға барамын. Бірінші болып, вакцина еккізіп үлгі көрсеткім келеді. Тәжірибелі комиссия вакцинация өткізудің ретін белгіледі. Ең алдымен медицина мамандарына, кейін қарттар үйінде тұратындар мен оларға күтім жасайтын қызметкерлерге жасалады. Осыдан кейін жасы алпыстан асқан кісілерге, содан соң созылмалы аурулары бар осал топтарға егіледі. Бұдан кейін қалған халықтың кезегі келеді.

Алайда мамандардың пікірінше, жеңісті тойлау тым ерте. Қазіргі кезде Израильде вакцинаның 130 мыңдай данасы бар. Оны екі мәрте егу керектігін ескерсек, жалпы саны 200 мыңдай болатын медицина қызмектерлеріне де вакцина жетпейді. Ал келесі партиясы тек қаңтар айының соңында елге жеткізіледі.

Юрий Ранков, Тель-Авив қаласы бірінші медицина орталығының департамент директоры:

– Әлі күнге дейін көп тұстары түсініксіз. Вакцинаны қысқа мерзімде сынақтан өткізген, сондықтан аллергиясы бар адамдарға және егде жастағыларға қалай әсер ететіні белгісіз. Оны жеткізу, сақтау және өндірісіне қатысты мәселе көп.

Қазір елде шектеулер күшейтіліп жатыр. Індет дендеп тұр, күн сайын екі жарым мың науқас анықталады. Ауруы асқынып, өкпені жасанды желдету аппараттарына қосылған науқас көп. Осының салдарынан денсаулық сақтау жүйесіне салмақ түсті. Билік енді үшінші рет локдаун енгізуді көздеп отыр. Бұл шараны тезірек қабылдаса, оның мерзімі де қысқа болып, экономикаға келтіретін зияны азаяды.

Авторы: Сергей Ауслендер

Хабар 24 телеарнасы