419,69 511.30 5.67
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Иранда күн қуатымен жұмыс істейтін бірнеше электр станциясы іске қосылды

  • 112
  • UPD: 15:58, 18.12.2020

Бұл энергия өндірісін арттыру бағдарламасы аясында жүзеге асқан жобалар.

Алғашқы күн станциялары ашылғалы, Иранда ауаға шығатын парниктік газдың мөлшері 3 миллион тоннаға азайған.

Бірнеше күннің ішінде Иранның 3 провинциясында 25 энергетикалық жоба іске қосылды. Індетке байланысты бұл нысандарды ашу рәсімі бейнеконференция түрінде өтті. Күн қуатынан электр энергиясын өндіретін 9 станса бірнеше миллион адам тұратын Хузестан мегаполисінде ашылды. Он бесі Систан мен Белужистан, тағы біреуі Хорасан провинцияларында салынған. Бұл энергияны көп тұтынатын қарбалас кезде ел тұрғындары мен кәсіпорындарды электр қуатымен тұрақты қамтамасыз етуге бағытталған жобалар. Артылған энергияны көрші елдерге сату көзделіп отыр.

Мехди Хоссейни, электронды инженерия факультетінің қызметкері:

– Иранда жылына 300 күн ашық болады. Сондықтан күн қуатын қолдануда еліміздің әлеуеті зор. Біз Күн электр станцияларын толығымен өз күшімізбен салатын жағдайға жеттік. Алғашында құрал-жабдықты шетелдік серіктестерімізден сатып алып жүрдік. Бүгінде Иранда күн батареялары мен өзге де қажетті жабдықтарды шығаратын зауыттар жұмыс істеп жатыр.

Иранда жасыл энергия шетелдік инвесторларды қызықтыратын салаға айналды. Оған 4 миллиард доллардай қаражат құйылды. Ел билігі күн қуатын негізінен ауыл шаруашылығында пайдалануды көздеп отыр. Соның арқасында егістерді өңдеу мен астық жинауға кететін шығынды ондаған есе азайтуға болады.

Мохаммад Разафи, ауыл шаруашылық тауарлар өндірісінің иесі:

– Күн мен жел энергиясы арзандап келеді. Әйтеуір газ, мұнай мен көмірден тиімді. Отынның бұл түрі егісті өңдейтін техникаға қажет. Жақында ашылған стансалар ауыл шаруашылығы дамыған өңірлерде орналасқан. Енді астықты жинауға аз қаражат кетеді. 

Соңғы айларда Иранда жаңғыртылатын энергия қуаты бір мың мегаваттқа жетті. Жаңа станциялардың ашылуымен бұл көрсеткіш екі есе артады.

Авторлары: Юлия Гнатюк, Махмуд Махмуди

Хабар 24 телеарнасы