420,67 511.30 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

COVID-19: АҚШ-та тәулік сайын антирекорд тіркеліп жатыр

  • 128
  • UPD: 22:35, 18.12.2020

Коронавирус ырыққа көнбей тұр. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша соңғы тәулікте әлемде 600 мыңнан астам адам вирус жұқтырған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Коронавирусты тоқтатудың нақты жолы болмағандықтан, әр ел өз бетінше әрекет етіп жатыр. Көбі шектеу шараларына оралып, оны күшейте түскен. Бұл тізімде тіпті Швеция да бар. Өйткені бұл елдің коронавируспен күрес саясаты сәтсіз болып шықты.

Англияның шығысы мен оңтүстік-шығысында ең қатаң шектеу шаралары енгізілетін болды.

Ол алдағы демалыс күндерінен бастап күшіне енеді. Мұндай қадамға коронавирустың кеңінен етек жаюы себеп. Мәселен, соңғы аптаның өзінде елдің оңтүстік-шығысында вирус жұқтырғандар саны 46%-ке артып кеткен. Ал емханаға түскен науқастар қатары 30%-ке ұлғайыпты. Шығыста орналасқан өңірлерде де осындай жағдай.

Мэтт Ханкок, Ұлыбританияның денсаулық сақтау министрі:

- Англияның шығысы мен оңтүстік-шығысында шектеу шаралары үшінші деңгейге дейін қатаңдатылады. Ол сенбі күнінен бастап күшіне енеді. Бұл қатаң шара екенін жақсы түсінемін, дегенмен, вирустың таралуын тежеу үшін басқа амал қалмай отыр.

Осылайша, Англия коронавируспен қолдан келгенше арпалысып жатса, Швеция індет алдында тізе бүгіп, жеңілгенін мойындады. Ел патшасы Карл Густав XVI жергілікті телеарналардың бірінде осылай деді. Оның айтуынша, үкіметтің коронавируспен күресі түк нәтиже бермеген. Керісінше, коронавирус бақылаудан шығып, дерт жұқтырғандар көбейіп кеткен.

Карл Густав, Швеция Королі:

- Жеңілгенімізді мойындаймын. Індеттің салдарынан көптеген адам көз жұмды. Тіпті айтуға да оңай емес. Оларға көмек көрсете алмағанымыз өкінішті.

Бразилия да көзге көрінбейтін жау алдында дәрменсіз. Сондықтан вакцинациядан бас тартатын азаматтар енді жауапқа тартылмақ. Елдің Жоғарғы соты осындай шешім қабылдады. Яғни екпе салдырмайтын бразилиялықтар қоғамдық орындарға бара алмайды. Белгілі бір қызмет түрімен айналыса алмайды.

Айта кетейік, Бразилия  – індеттен ең көп зардап шегіп отырған елдердің бірі. Вирус жұқтырғандар саны 7 миллионнан асады.

Марко Кригер, Fiocruz зерттеу орталығы инновация бөлімінің вице-президенті:

- Біз ақпан айында елге қажетті вакцинаны толықтай шығарып бітеміз деп үміттенеміз. Немесе халықты жаппай егу шарасы жоспарланған наурыз айында дайын болады.

АҚШ-тағы жағдай да өте күрделі. Күн сайын мыңдаған адамнан вирус анықталып, тәулік сайын антирекорд тіркеліп жатыр. Бүгінде бұл елде вирус жұқтырғандар саны 17 миллионнан асты. Дендеген дертті сәл де болсын тоқтату үшін билік өкілдері Pfizer/BioNTec өнімімен халықты жаппай вакцинациялай бастады. Алдағы күндері Модерна жасаған препарат та қолданысқа енгізілуі мүмкін. Себебі, соңғы бірнеше аптада Солтүстік және Оңтүстік Дакота штаттарында жағдай күрт нашарлап кеткен. Ауруханалар науқасқа лық толы.

Хабар 24 телеарнасы