426,05 517.06 5.77
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қытайдың «Чанъэ-5» зонды екі келідей Айдың топырағын әкелді

  • 314
  • UPD: 22:22, 18.12.2020

Қытайдың «Чанъэ-5» зонды 23 күнге жалғасқан сапарынан кейін Жерге оралды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жер бетіне қонған оның модулі 2 келідей Айдың топырағын әкелді. Қытай ғарыш басқармасы бұл сапар сәтті өткенін мәлімдеп, ол болашақтағы өзге жобаларды жүзеге асыруға түрткі болатынын жариялады.

Бұл Қытайдың техникалық тұрғыдан ең күрделі жобасы болды. Сапар барысында көп дүние тұңғыш рет атқарылды. АҚШ пен Кеңес Одағының ғарыш аппараттары қонбаған Айдағы Дауылдар мұхиты аумағынан топырақ үлгілерін жинап, Жерге әкелді. «Чанъэ-5» сапарын дайындауға елдегі мыңдаған зерттеу институты мен ондаған мың ғалым қатысқан. Айды зерттеу бағдарламасы 2004-жылдан бері жүзеге асып келеді. Сол кездің өзінде 2020 жылы Айдан топырақ үлгілерін жинап әкелу жоспарланған болатын. «Чанъэ-5» сапарының сәтті өтуі өзге де ғарыш жобаларына түрткі болмақ. Мысалға, келесі кезекте ғарыш кемесін Марсқа ұшыруды көздеп отыр.

У Яньхуа, ҚХР Мемлекеттік ғарыш басқармасы жетекшісінің орынбасары:

- Айды зерттеудің 4-кезеңі мен Күн жүйесіндегі ғаламшарларды зерделеуді жалғастырамыз. Қазіргі тұста «Тяньвэнь-1» Марсқа сынама сапары және «Чанъэ-6», «7» мен «8» жобаларын жүзеге асыруға кірістік.  Астероидтер мен Юпитерді зерттеу бағдарламалары және Марс бетінен топырақ үлгілерін жинап, Жерге әкелу жоспарымыз бойынша өтеді.

Алдағы екі жылда Қытай ішінде адам болатын 11 ғарыш кемесін ұшыртпақ. Улы отын қолданбайтын экологиялық таза жаңа зымырантасушыларды әрі қарай жетілдіреді. Желтоқсан айының соңына дейін «Лонг Марч-8» зымыранын ұшырту жоспарланған. Ал Айға келетін болсақ, Қытай бұл аспан денесінде ғылыми-зерттеу стансасын салуды көздеп отыр. Сондай-ақ жергілікті мамандар Айдан әкелген үлгілермен өзге елдердің ғалымдарымен бөлісуге дайындығын білдірді.

У Яньхуа, ҚХР Мемлекеттік ғарыш басқармасы жетекшісінің орынбасары:

- Қытай Ай топырағының үлгілерін әкелген үшінші мемлекет болды. Біз оны үш бағытта пайдалануды көздеп отырмыз. Біріншіден, ғылыми зерттеулер үшін. Екіншіден, халық тезірек көрсін деп, бір бөлігін Мемлекеттік мұражайға тапсырамыз. Үшіншіден, халықаралық ынтымақтастық конвенция және екіжақты мен көпжақты келісімдерге сүйенеміз. Осы үлгілерді басқару әдістемелерін жариялап, бүкіл әлемнің ғалымдарына алған мәліметтерді таратамыз.

Айды зерттеу бағдарламасын аңыз кейіпкері – Чанъэ аруының есімімен атаған. Ол мәңгі өмір беретін дәрі ішіп, Айға шарықтап кетті. Сол кезден бері жалғыздықта өмір кешіп жүрген көрінеді. Қытай билігі «Чанъэ-7» сапарын «Луна-26» ресейлік жобамен бірлесіп іске асыратынын мәлімдеді. Бұл бағдарлама аясында Айдың оңтүстік полюсы зерттеледі.

Авторы: Ботагөз Сырғабаева

Хабар 24 телеарнасы