420,67 511.30 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Болгарияда зейнетке шығу бейнетке айналды

  • 112
  • UPD: 09:18, 19.12.2020

Болгарияда зейнетке шығу қиындап кетті. Биыл зейнет жасына жеткен адамдардың басым бөлігінде еңбек өтілі жетпей қалды. Елде дүркін-дүркін өткізілетін реформа салдарынан заңды демалысқа шығу жасы үнемі ұлғайып келеді. Ал соңғы өзгерістер еңбек өтіліне қатысты болды. Нәтижесінде 2020 жылы зейнетке шығатын адамдардың саны өткен жылдармен салыстырғанда 25 процентке аз. 

Кезінде Болгария «зейнеткерлер жұмағы» деп аталатын. Демалысқа шыққан жергілікті тұрғындар қала шетіндегі арзан үйлерде тұрып, жайлы ауа райының рахатын көретін. Зейнетақысы да жететін. Ең төменгі мөлшері 130 еуро, оған 70 еуро әлеуметтік жәрдемақы қосылады. Бірақ соңғы жылдары бұл рахаттың өзі сағымға айналып бара жатқандай. Зейнетақы алу үшін әйелдер 35, ал ер адамдар 38 жыл жұмыс істеуі тиіс. Биылдан бастап зейнетке шығу жасы да өзгерді. Әйелдер үшін 61 жас, ал ер адамдарға 64 жас белгіленді. Алайда бұл реформа 2037 жылға дейін жалғаспақ. Ары қарай халық 65 жаста зейнетке шығады.

Илиян Радев, әлеуметтанушы:

- Реформалардың барлығы қаражат жетіспегендіктен өткізіліп, зейнеткерлерімізге зиян келтіріп жүр. Жалпы зейнетақы қоры билік үшін ең оңай әрі қолжетімді қаржылық құралға айналды. Ақшасы болмағанда оны экономикалық мәселелерді шешуге жұмсауы мүмкін. Іс жүзінде мұны зейнетақы қорын жымқыру деп атауға болады. Бірінші рет осылай 1997 жылы, ал кейін 2005 пен 2006 жылдары істеген. Қазір қайта осындай қадамға бармақ.

Әлеуметтанушылардың пікірінше, зейнетақы жүйесіндегі түйткілдер статистикаға да әсер еткен. 2016 жылдан бері зейнеткерлердің басым бөлігінің денсаулығы сыр беріп, зейнетке шыққан. Сақтандыру институтының мәліметінше, Болгария тұрғындары орта есеппен 66 жасында демалысқа шығады екен. Жасы келгенімен зейнетақы алуға еңбек өтілі жетпейді. 

Ивелин Занев, зейнеткер:

- Болгарияның бір де бір үкіметі әлі күнге дейін нақты әрі айқын ережелері бар зейнетақы жүйесін құра алған жоқ. Алдағы 10 жылда өте көп адам зейнетке шығады және оларды қамтуға Ұлттық әлеуметтік қамту қорының қаражаты жете ме, белгісіз. Қаржы министрлігі бұл қордың қаржысын өз мақсатында жұмсауы да мүмкін. 

Үкімет өкілдерінің мәлімдеуінше, соңғы жылдары зейнетақының ең үлкен мөлшерін төлейтін қалалар саны артқан. Яғни зейнеткерлердің тұрмысы да жақсарып келеді. Мысал ретінде орта есеппен 230 еуро зейнетақы төлейтін София, Перник және Бургас секілді елдің ірі шаһарларын келтіреді. Алайда зейнетақының ең төмен мөлшері 158 еуро төлейтін бірқатар қалалар бар. Ал жасы тақап қалған ел тұрғындары бұған да қанағат дейді. Ең бастысы, тағы бір реформаға ілігіп қалмай, уақытылы демалысқа шығуды қалайды.

Автор: Наталья Абильдина

Хабар 24 телеарнасы