Таиландта індетті жаппай жұқтыру дерегі тіркелген соң вирусқа қарсы 10 мыңнан аса адамды тексеру қолға алынды, деп хабарлайды «Хабар 24».
Дертке қарсы жаппай тестілеу індет ошағы тіркелген Самутсакхон провинциясы мен тағы 2 өңірде жүргізілмек. Еске сала кетейік, жексенбі күні Таиландта 500-ден астам адамның вирусты жұқтыру дерегі тіркелді. Оның басым бөлігі Бангкокқа іргелес жатқан Самутсакхондағы теңіз өнімдерін сататын базардан шыққан. Вирус Мьянмадан келген жұмысшы мигранттардан анықталған. Науқастардың көбінде дерт симптомсыз. Осыған байланысты аймақта карантин енгізіліп, қалаға кіріп-шығу шектелген.