421,91 511.30 5.59
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Грузияда қысқы курорттар қаңырап бос тұр

  • 89
  • UPD: 12:11, 21.12.2020

Індет салдарынан биыл Грузияда туристік маусым ашылмайтын түрі бар.

Коронавирустан елде карантин қатаңдатылып, тау шаңғы шипажайлары жабылған. Кәсіпкерлер елде эпидемиологиялық ахуал жақсарса, таудағы курорттар ақпан айында ашылады деп үміттеніп отыр. Әдетте Грузияда қысқы туристік маусым желтоқсан айынан наурызға дейін жалғасатын.

Бұл – Грузиядағы ең танымал Бакуриани қысқы курорты. Әдетте бұл шипажай у-шу болған демалушылардан арылмайтын. Бірақ індеттен шаңғы жолдары жабылып, әйгілі курорт қаңырап бос қалды.

Георгий Бостоганашвили, Бакуриани қонақ үйініің менеджері:

– Біздің қонақ үйде 18 қызметкер жұмыс істейді. Қазір жұмысшыларға жалақының тек жартысын төлеп жатырмыз. Шектеулер қаңтардың 31-і күні аяқталып, ақпан айында қайта ашыламыз ба деп үміттеніп отырмыз. Бұл жерде туристер еш үзілмеген еді. Алдағы уақытта әлемдегі жағдай тұрақталып, қалыпты өмір қайта оралады деп ойлаймыз. 

Індет баға саясатына да әсер етті. Туристік сала өкілдері өз қызметтеріне бағаны екі есеге азайтуға дайын. Бастысы – қонақтарды тарту. Бірақ дәрігерлер шектеулер әлі алынбайтынын айтады.

Екатерина Тикарадзе, Грузия денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушы:

– Елде індетпен байланысты жағдай әлі тұрақталмай тұр. Сондықтан шектеулер кезең кезеңмен алынатын болады. Жуық арада кәсіпкерлермен кездесіп, олардың эпидемиологиялық талаптарды сақтауға әзірлігін талқылаймыз.

Бакуриани круорты өткен жылы Ресей мен Еуропадан келген саяхатшыларға толы болған. Бірақ қазір Грузия шетелдік туристерді қабылдауға асығып отырған жоқ. Әуе байланысына шектеулер қаңтардың 31-іне дейін жалғасады. Тыйым одан әрі созылуы мүмкін. Сондықтан грузин курорттары ақпан айында ашылғанмен тек ішкі туризмге арқа сүйей тұруға тура келеді.  

Авторлары: Юлия Тужилкина, Шалва Сурамелашвили

Хабар 24 телеарнасы