426,99 518.00 5.93
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Коронавирустың өзгерген түрі бірнеше елде тіркелді

  • 199
  • UPD: 19:48, 21.12.2020
Коронавирустың өзгерген түрі бірнеше елде тіркелді

COVID-19-ға қатысты қауіп күшейді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ұлыбританияда коронавирустың жаңа штамы анықталып, ондаған ел Корольдікпен әуе қатынасын тоқтатты. Соңғы деректер бойынша вирустың жаңа түрі басқа елдерде де тіркелген көрінеді. Мамандарды алаңдатып отырған бір жайт – жаңа штамм әлдеқайда тез тарайды екен.

Ұлыбританияда коронавирустың жаңа штамы биыл қыркүйекте шыққан екен. Қарашада Лондондағы науқастардың 25%-інде вирустың жаңа түрі анықталса, желтоқсанның ортасында ол тұрғындардың 65%-інен табылды. Ұлыбританияның ғылыми кеңес өкілдері бұл штамм коронавирустың бізге мәлім түрімен салыстырғанда 70%-ке жылдам тарайтынын айтады. Ахуалдың ушығуына байланысты 20-дан аса мемлекет Ұлыбританиямен әуе қатынасын тоқтатты. Салдарынан Корольдікте жүрген шетелдіктер үйлеріне қайта алмай әлекке түсті.

Имран, Пәкістаннан келген демалушы:

- Менің Лондонға келіп-кетіп жүргеніме 7-8 жыл болды. Бірақ мынадай жағдайға алғаш рет тап болдым. Корольдікке 14 желтоқсанда келген едім. Ол кезде ахуал мүлде басқаша еді. Жағдай әп-сәтте өзгеріп шыға келді.

Кейбір шетелдіктер дер кезінде Отанына оралғанына мәз.

Франческа, Рим тұрғыны:

- Шынымды айтсам, не болғанын түсінбей де қалдық. Тест тапсырып, ұшаққа міндік. «Арадағы әуе қатынасы тоқтауы мүмкін» деген әңгімелер айтылып жүрді. Бірақ біз сенбедік. Сөйтіп, Италияға қонғанда ғана рейстердің тоқтағанын білдім. Дер кезінде үйге оралып үлгердік.

Ұлыбритания билігі жағдайдың бақылаудан шығып кеткенін айтып отыр. Статистика бойынша соңғы аптада Англияда індет жұқтырғандар саны екі есеге артқан.

Марк Уолпорт, Ұлыбритания үкіметінің бұрынғы ғылыми кеңесшісі:

- Вирустар үнемі мутацияға ұшырап отырады. Алайда басқа ағазаларға қарағанда олар тез өзгереді. Бірнеше минут сайын өзгеруі мүмкін. Коронавирустың жаңа штамы жылдам таралады. Осы жаман. Бірақ ол ауруды асқындырып жібермейді. Бұл қуантарлық жағдай. Әзірге бізде вирустың жаңа түрі вакцинаға өзгеше әсер ететінін көрсететін ешқандай дәлел жоқ. Қазір жағдай күрделі. Сондықтан тұрғындар сақтыққа салғырт қарамауы керек.

Мамандар тұрғындардан жауапкершілік танытуын сұрап отыр. Алайда халық оны елемей жатқанға ұқсайды. Елдің бірқатар өңірінде шектеу шаралары күшейтілді. Бұған дейін қауіптіліктің екінші деңгейінде болған Лондонда ол ең жоғары – төртінші деңгейге дейін көтерілді. Тұрғындарға мүмкіндігінше үйден шықпауға кеңес берілді. Билік бұл шаралардың күшіне енетінін бірнеше сағат қалғанда ғана жария етті. Мұны ести салысымен Лондон тұрғындары жаппай қаладан кетуге асыққан. Олар Рождествоны қарсы алу үшін өзге өңірлерде тұратын жақындарына жол тартқан. Сөйтіп, теміржол вокзалында адам қаптап, билеттер қалмаған.

Алдағы сағаттарда Ұлыбритания үкіметі осы жағдайға қатысы шұғыл отырыс өткізеді деп күтіліп отыр. Соңғы дерек бойынша Ұлыбританиядан бөлек, коронавирустың жаңа штамы Италияда, Дания, Нидерланд пен Австралияда да тіркелген.

Хабар 24 телеарнасы