426,73 523.00 5.95
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Израиль әуе кеңістігін жабады

  • 169
  • UPD: 11:14, 22.12.2020

Израильде коронавируске қарсы вакциналау басталды. Халыққа үлгі көрсету үшін бірінші болып премьер-министр өзіне екпе жасады. Алайда халыққа жаппай екпе егуге ұзақ уақыт кетеді. Сондықтан қазір карантин шаралары күшейтіліп жатыр. Осы ретте Израиль өз әуе кеңістігін жабуды көздеп отыр.

Үкімет басшысының екпе егуін ұлттық телеарналар мен әлеуметтік желілер тікелей эфирде көрсетті. Биньямин Нетаньяху «Пфайзер» вакцинасын өзіне еккен әлемдегі алғашқы мемлекет басшысы болды. Онымен бірге Израиль денсаулық сақтау министрі де вакцина салдырды.

Биньямин Нетаньяху, Израиль премьер-министрі: 

- Осында келе жатқанда, ата-аналарына қамқор болып жүрген адамдарды, әже-аталарының құшағын сағынған немерелерді, өз кәсібін қайта бастайтын бизнесмендерді, мейрамхана мен жаттығу залдарының иелерін ойладым. Біз футболға барып, баскетбол ойындарын көре аламыз. Әрине елді қайта ашып, қалыпты тұрмысымызға ораламыз. Мұның бәрі осы іс-шарадан басталады, халықты екпе алуға шақырамыз.

Бұл науқан «Иығыңды тос» деген атауға ие болды. Алдымен медицина қызметкерлеріне екпе салынады. Егде жастағы тұрғындарға да вакцина егіле бастады. Үкімет үгіттегенмен, ешкімді мәжбүрлеп жүрген жоқ. Сауалнама нәтижелері бойынша шетелдік вакцинаны егуге халықтың төрттен бір бөлігі дайын, қалғандары отандық препараттың шығуын күтуге ниет танытты.  

Йонатан Бейндхем, жергілікті тұрғын:

- «Пфайзер» мен Moderna - беделді компаниялар. Жұмысын әдеттегіден тез аяқтағанмен бәрін тиісті түрде жасады деп ойлаймын. Бұған сенімдімін. Отбасым және жақындарымның барлығы екпені салдырғысы келеді. 

Ұжымдық иммунитет қалыптастыру үшін бірнеше ай кетуі мүмкін. Қазір елде індет дендеп барады. Соңғы бір тәулікте үш мыңдай науқас анықталды. Ұлыбританияда коронавирустың тез тарайтын жаңа мутациясы шыққаны да алаңдаушылық тудырып отыр. Израиль бүгіннен бастап, Ұлыбритания, Австралия және Оңтүстік Африка республикасының азаматтарына ел аумағына келуге тыйым салды. Ал бұл елдерден оралған Израиль азаматтары екі апта бойы карантинге жатқызылып, оларды әскер күзетеді. Үкімет өзге де елдермен әуе қатынасын доғаруды қарастырып жатыр.

Автор: Сергей Ауслендер

Хабар 24 телеарнасы