420,66 511.30 5.69
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

COVID-19: әлемдегі ахуал

  • 156
  • UPD: 22:06, 22.12.2020

Әлемде коронавирус індеті әлі дес бермей тұр.

Күн сайын мыңдаған адам кеселдің шырмауына ілініп, құрбан болып жатыр. Қауіпті вирусты жұқтырғандар саны бүгінде 77 миллионнан асады. Індеттің таралу аймағы да ауқымды. Көзге көрінбейтін жау тіпті Антарктидаға да жеткен. АҚШ-та коронавирус төңірегіндегі ахуал әлі де күрделі. Әсіресе, Оңтүстік Калифорнияда. Мұнда науқастардың көптігі сонша, жансақтау бөлімінде орын жоқ. Мамандар жетіспеушілігіне байланысты көмекке әскери медбикелер тартылып жатыр. Тіпті оқшаулану режимі ұзартылуы да мүмкін.

Гэвин Ньюком, Калифорния штатының губернаторы:

– Қолда бар ақпаратқа сүйенер болсақ, оқшаулау режимін ұзартуға тура келеді.

Ал Оңтүстік Кореяда шектеу 3 қаңтарға дейін созылады.

Юн Тхэ Хо, Оңтүстік Кореяның төтенше жағдайлар басқармасының қызметкері:

– Ел азаматтарын бес адамнан артық жиналмауға шақырамыз. Отбасы мүшелері мен достар арасындағы вирус жұқтыру деректерін ескере келе, мейрамханалар бес адамнан артық топтардың кіруіне тыйым салуы керек. Ереже бұзылған жағдайда оларға айыппұл салынады.

Өз кезегінде Мадридте ауруханаларда ұзын-сонар кезек пайда болды. Жұрттың бәрі рождестволық демалыс алдында коронавирусқа тест тапсыруға асық. Бұған дейін шаһар билігі карантиндік шектеулерді күшейткен еді.

Рауль, жергілікті тұрғын:

– Рождество алдында достарым мен жақындарымды қорғау үшін тест тапсырамын деп шештім. Әлеуметтік қашықтықты сақтаймын. Айналамдағы адамдардың бәрі өзін қауіпсіз сезінгенін қалаймын.

Жалпы коронавирус індеті адам баласы аяқ басқан жердің бәріне жетті. Жуырда ғана Чилидің Қорғаныс министрлігі Антарктида да қауіпті инфекцияға шалдығу дерегінің тіркелгенін хабарлады. Аталған елдің ғылыми станциясында 36 адам вирус жұқтырыпты. Олардың 26-сы әскери болса, қалған 10-ы азаматтық тұлғалар екен. Абырой болғанда, бәрі дер кезінде эвакуацияланған. Қазір олар дәрігерлердің бақылауында.

Хабар 24 телеарнасы