420,31 511.30 5.69
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Коронавирус және туризм

  • 141
  • UPD: 22:48, 22.12.2020

Коронавирустан зардап шеккен саланың бірі – туризм.

Саяхат өкілдері Рождество мен жаңажылдық мерекелер кезінде шығындарын өтеп алуға үміттенген. Алайда коронавирустың қарқыны бәсеңдер емес. Сондықтан кейбір елдердің билігі мереке кезінде шектеу шараларын күшейтті.

Салдарынан саяхатшылар жоспарлаған демалысынан, ал туризм саласының өкілдері табысынын қағылды.

Олардың қатарында туристер арасында танымал Түркия, Египет пен Таиланд бар.

Туристер арасында танымал елдердің бірі – Таиланд. Былтыр мұнда 40 миллион демалушы келіпті. Биыл олардың саны өткен жылғы көрсеткіштің төрттен біріне де жетпейтін көрінеді. Алдын ала есептеулер бойынша 7 миллионнан аспайды. Билік тақауда 56 мемлекет саяхатшыларына елге кіру тәртібі жеңілдетілетінін жария етті. Алайда осы мәлімдеден кейін бір күн өткен соң Самутсакхон провинциясында теңіз өнімдерін сататын базарда коронавирус ошағы тіркелді. Мұндай жағдайдан демалушылар ат-тонын ала қашары түсінікті. Таиланд қайтадан шектеу шараларын күшейтуге мәжбүр. 

Пайаторн, дүкен иесі:

– Коронавирус бәріне әсер етті. Біздің табысымыз 70 процентке азайды. Өйткені клиенттеріміздің дені – Қытайдан келетін демалушылар. Алайда шектеу шаралары кесірінен олардың саяхаттауы қиындаған. Зардабын біз де тартып отырмыз.

Демалушылар арасындағы тағы бір танымал ел – Египет. Мысырда кейінгі тәулікте коронавирус жұқтырудың 718 дерегі расталды. Мұндай үлкен өсім шілденің ортасынан бері алғаш рет тіркелді. Эпидемиологиялық ахуалдың ушығуына байланысты билік шектеу шараларын күшейтіп отыр. Мейрамханалар мен қонақ үйлерде Жаңа жылдық сауық кештерін өткізуге тыйым салынды. Бұл демалысын алдын ала жоспарлап қойған туристер үшін күтпеген жағдай. Олар енді өз ақшаларын кері қайтаруға тырысып, әлекке түсіп жатыр. Жалпы, шетелдік саяхатшылар легінің азаюынан Египеттің туризм секторы ай сайын 1 миллиард доллардан қағылып отырған көрінеді. 

Түрік билігі жаңа жылға арналған қонақ үйлердегі ойын-сауық бағдарламаларына тыйым салды. Бұл туралы осы елдің ішкі істер министрлігі жарияланды. Бұған дейін туристік агенттіктер альянсы COVID-ке байланысты қабылданған жаңа шектеулер жоғары санаттағы қонақүйлердегі шетелдік туристерге әсер етпейтіндігін айтқан еді.

Меруерт Қанағат, тілші:

– Күні кеше ғана Түркияның қонақүйлерінде жаңажылдық бағдарламаларды ұйымдастыру жөнінде қосымша ереже жарияланды. Тәртіпке сәйкес, түрік қонақүйлерінде мереке күндерінде ойын-сауық кештері өтпейді. Яғни қонақүйлерде қонақүйге қарасты мейрамханаларда музыкалық бағдарламалар, арнайы кешкі ас пен шоу ұйымдастырылмайды. Аталмыш мекендердің ішінде бірнеше кісінің бас қосуына да тыйым салынды. Тіпті осы текті кештерді жарнамалауға болмайды. Талапты елемегендерге қомақты көлемде айыппұл салынды.

Ал жаңажылдық ойын-сауық бағдарламаларын сатып алушылар саяхат агенттіктері немесе тікелей қонақүйлерден төлемдерін қайтарып ала алады.

Мынаны айта кеткен жөн, Түркия үкіметі коронавирустың таралуын тоқтату мақсатында жаңа жылға 4 күндік коменданттық сағат енгізді. Ол бойынша 31 желтоқсан сағат 21:00-ден қаңтардың 4-і күні таңғы сағат 05:00-ге дейін тысқа шығуға тыйым салынды. Ережеден туристер босатылған. Дегенмен елде барлық тамақтану орындары тек өзіңмен алып кету немесе курьерлік қызмет арқылы жұмыс істеп тұр. Барлық қоғамдық мекен жабылған. Тек қонақүйлерге қарасты ресторандар жұмыс істейді.

Жалпы коронавирус пандемиясы туризм саласына қатты әсер етті. Түркия биыл туризм саласын қалай жапты?

Түркияның басты табыс көздерінің бірі – осы туризм ғой. Жылда ел осы саладан 30 миллиард доллар төңірегінде табыс көретін. Мәселен, 2019 жылы Түрік демалыс орындарын 52 миллионнан астам турист қонақтапты. Былтырғы табыс та 34 жарым миллиард долларды құраған. Ал биыл әрине пандемия, әсіресе осы қызмет саласына балта шапты. Мәдениет және туризм министрінің орынбасары Надир Алпарсланның айтуынша, 2020 жылғы мақсат 60 миллион турист болған. Дегенмен вирус барлық жоспарды өзгертті. Жыл соңына дейін 15 миллион туристтен 11 миллиард доллар табыс көзделіп отыр. Әрине, бұл – қойылған мақсаттың төртте бірі. Алпарсланның айтуынша, бұл өзге елдермен салыстырғанда қазіргі жағдайдағы жақсы көрсеткіш.

Коронавирус жұқтыру деректері бойынша әлемде алғашқы үштікке кіретін Бразилияда да шектеу шаралары күшейтілді. Туристер арасында танымал Бузиос шипажайындағы кәсіпкерлер шешімге қарсы шғып, ереуіл ұйымдастырды әрі жолдарды жауып тастаған. Өйткені жергілікті сот өзге өңір тұрғындарына шаһарға кіруге тыйым салды. Ал, мұнда демалып жатқан туристерді үйлеріне қайтару туралы шешім қабылдаған. Бірақ кәсіпкерлер сот үкіміне қатысты арыз жазды. Айтуларынша, қазір мұнда туристік маусым қызып тұр. Демалушылар жаңа жылды осында қарсы алу үшін арнайы шипажайға келеді екен. Алайда мұнда соңғы күндері індет жұқтыру деректері күрт артып кеткен.

Фернандо Фрейтас, қонақ үй иесі:

– Біздің қала туризмге қатты тәуелді. Ал билік демалушылардың келуіне кедергі жасап отыр. Қаншама ай шығынға батып келе жатқанымыз аз ба? Енді туристік маусым кезінде жағдай түзеле ме десек, биліктің айтып отырғаны мынау. Мен күнімді көру үшін көлігімді сатуға мәжбүр болдым. Енді ары қарай не істеймін? Аш отырайын ба?

Оңтүстік Кореяда ертеңнен бастап туристік нысандар мен тау-шаңғы шипажайлары жабылады. Билік осылайша коронавируспен күресті күшейтіп жатыр. Өйткені соңғы бірнеше күнде елде кісі өлімі бойынша да, жұқтыру деректері жағынан да антирекорд тіркелді. Шектеулер келесі жылдың 3 қаңтарына дейін күшін жоймайды.

Хабар 24 телеарнасы