423,42 511.30 5.58
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Өзбекстан латын әліпбиіне көшуде қандай қателіктер жіберді?

  • 136
  • UPD: 22:33, 22.12.2020

Әліпбиімен 27 жыл әлек болған Өзбекстан латын қарпіне көшу процесін келер жылы толық аяқтауға ниетті.

Көрші ел әлі күнге дейін қос алфавитті пайдаланып келеді. Кирилл жазуын көбіне БАҚ қолданады екен.

Жасын Біркенов, тілші:

– Әуелі өзбек әліпбиі туралы қысқа да нұсқа. Тарихқа көз жүгіртсек, 1940 жылдан 1993 жылға дейін көрші ағайын кирилицаны қолданып келген. Келмеске кеткен Кеңес кезеңінен кейін тәуелсіздік алған Өзбекстан заман көшіне ілесеміз деп, латын қарпіне көшеді. Бірақ жаңа алфавиттің кем-кетігі көп болып, іргедегі елдің ғалымдары емле ережелерін қайта құрастырып, ол 1995 жылы көпшілікке жол тартады. Соңғы нұсқада 26 әріп, 3 диграф пен 1 апостроф пайда болды.

Саодат Мухамедова, филология ғылымдарының докторы, профессор:

– Латын әліпбиіне 2005 жылы толық көшуіміз керек еді. Алайда бұл жоспарымыз іске аспай, Үкімет бұл мерзімді 2010 жылға дейін ұзартты. Бірақ латын әліпбиі бүгінгі күнге дейін қолданысқа толықтай еніп кете алмай отыр.

Бүгінде Өзбекстанда қос әліпбиді қолданып келеді. Бірақ латын жазуы басым. Жаңа алфавитті жастар бірінші сыныптан бастап меңгеріп алған. Алайда өмір бойы кириллицамен жазып келген аға буын латынша түсіне алмай дал. Сол себепті бұқаралық ақпарат құралдарының дені әлі күнге дейін кирилл алфавитін пайдаланады дейді тіл мамандары.

Саодат Мухамедова, филология ғылымдарының докторы, профессор:

– Бұқаралық ақпарат құралдарының жұмысы нарықтық экономикамен байланысты. Оқырмандардан айырылып қалмас үшін редакциялар газет-журналдарды кирилл қарпімен басуға мәжбүр. Өйткені олардың аудиториясы – аға буын өкілдері. Егде адамдар латынша не оқи алмайды, не жаза алмайды. Біз бұл кісілерді аяп жүрдік. Латын әліпбиіне көшу тым ұзаққа созылғаны да сондықтан.

Бір алфавиттен өзге бір әліпбиге ауысу - өте ұзақ әрі күрделі процесс. Сол себепті көрші елдің лингвистері қазақстандық тіл мамандарына өзбек қателігінен сабақ алсын деп отыр. Латын әліпбиіне көшу кезінде болған олқылықтарды қайталамайтын оңтайлы жолды қарастыруға кеңес береді.

Саодат Мухамедова, филология ғылымдарының докторы, профессор:

– Бізге 2017 жылы Қазақстаннан әріптестеріміз келді. Олар латын қарпіне көшу бойынша бізбен ақылдасуға Өзбекстанға арнайы ат басын бұрған еді. Біз оларды өзіміз жіберген қателіктердің сабақ алуға шақырдық. Тәжірибемізбен бөлістік.

Өзбек әліпбиінің латын графикасында диграфтар жиі кездеседі. Алфавит «бір дыбыс – бір таңба» принципіне сай емес дейді мұндағы мамандар. Қазір көрші ағайын латын жазуын жетілдіру үшін әліпбиді қоғам талқысына салған. Халық юникодта жоқ, яғни компьютерде теру қиын болатын әріптерді ауыстыруды ұсынып отыр. Жалпы 27 жыл әліпбимен әлек болған Өзбекстан латын жазбасына келер жылдың соңына дейін біржолата көшпек.

Авторлары: Ж.Біркенов және Қ.Оспан

Хабар 24 телеарнасы