429,33 519.25 5.73
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Грузияда Рождество мен жаңажылдық мерекеге орай карантин тәртібі жеңілдетілмек

  • 221
  • UPD: 15:39, 23.12.2020

Грузияда халықаралық әуе қатынасы тоқтатылып, мәдени шаралар өткізуге тыйым салынған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сауда орындары, дәмханалар мен мейрамханалар да жабық. Сондай-ақ елде коменданттық сағат жарияланып, бірнеше ірі қалада қоғамдық көлік қозғалысы тоқтатылды. Десе де, билік 24 желтоқсаннан 2 қаңтар аралығы, яғни Рождество мен жаңажылдық мерекеге орай карантин тәртібін жеңілдетуге уәде берген болатын. Бірақ бұған эпидемиолог мамандар қарсы шығып, нәтижесінде жаңа шектеулер тізімі бекітілді.

Грузияда қатаң шектеулер енгізілгелі елдегі эпидемиологиялық ахуал біршама тұрақталды. Сондықтан халық 24 желтоқсаннан бастап карантин тәртібінің жұмсаруын күткен. Алайда билік эпидемиологтар ұсынған шектеу шараларын қабылдады.

Амиран Гамкрелидзе, Грузия Аурулар және қоғамдық денсаулықты бақылау жөнінде ұлттық орталықтың басшысы:

- Коронавирусты жеңдік деген жалған үміт тумасын. Иә, ауруды жаңа жұқтырған адамдар саны азайып келеді, бірақ өлім көрсеткіші жоғары. Денсаулық жүйесіне түсетін ауыртпалық да төмендеді. Алайда дәрігерлер мен өзге де мамандар қатты шаршады. Сондықтан халықты жаңажылдық мейрам кезінде де сақ болуға шақырамын.

Мереке алдында мамандар дүкен мен қонаққа жиі бармауға нұсқау берді. Бұл күндері қалааралық жолаушы тасымалы мен 8 ірі қалада қоғамдық көлік қатынамайды. Базарлар мен мейрамханалар жұмысы мен мәдени мен ойын-сауық шараларын өткізуге тыйым өз күшінде болады. Десе де, сауда орталықтарының жұмысына қатысты кейбір жеңілдіктер бар.

Майя Цкитишвили, Грузия премьер-министрінің орынбасары:

- 24 желтоқсаннан бастап сауда орындары мен дүкендер ашылады. Бірақ олар азаматтарымызды ауруды жұқтырудан сақтайтын барлық тиісті шаралар қабылдауы қажет. Дүкендер таңғы 07:00-ден кешкі 19:00-ге дейін жұмыс істейді. Оған кіретін халық саны мұқият қадағаланады, 20 шаршы метрінде бір адамнан аспауы керек. Киім-кешек дүкендеріндегі киім өлшеуге арналған бөлмелер мен сауда орталықтарындағы дәмханалар жұмыс істемейді. Ереже бұзғандарға айыппұлдан бастап жұмысын тоқтатуға дейін тиісті шаралар қабылданады.

Сағат кешкі 21:00-ден таңғы 05:00-ге дейін жарияланған коменданттық сағат да күшінде қалады. Тек үкімет өкілдері Рождество мен Жаңа жылғы түнде бұл тыйымды уақытша алып тастауға уәде беріп отыр. 

Авторы: Юлия Тужилкина

Хабар 24 телеарнасы