419,69 511.30 5.67
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Арменияға экономикалық дағдарыс қаупі төнді

  • 124
  • UPD: 23:46, 23.12.2020

Биыл Армения экономикасы 7,3%-ке құлдырайтын түрі бар. Ең басты себебі ковид індеті мен оған қатысты қабылданған шектеулер. Табыс төмендеген соң тұтынушы сұранысы азайды. Бұл өз кезегінде өндіріс көлемінің едәуір қысқаруына әкелді.

Экономикалық дағдарыстың кесірінен армян валютасының бағамы төмендеді. Ал елге тауарлардың біразы шетелден әкелінетіндіктен бағалары да бірден қымбаттап кетті. Әрине ең алдымен бұл жалақыға қарап қалған қарапайым халыққа ауыр тиді. 

Гаянэ Айвазян, Ереван қаласының тұрғыны:

- Азық-түлік пен тұрмыстық тауарлар қымбаттағынын айтқым келіп тұр.

Левон Шагинян, Ереван қаласының тұрғыны:

- Өзім экономист емес, дәрігермін. Сондықтан бұл сұрағыңызға нақты жауап бере алмаймын. Бірақ күн сайын жағдай нашарлап жүргені анық. Әрі қарай не болатынын көреміз.

Бүкіл әлемді жайлаған коронавирус пандемиясы Арменияға да ауыр тиді. Ел қазынасында қаражат жетіспей отыр. Шығындар өсіп, кіріс мөлшері төмендеді. Туристер келмей, кезінде табысты болған кәсіпорындар салық төлемей жүр. Сарапшылардың айтуынша, келесі жыл да ауыр болмақ. Ал биыл жылдың басында Армения экономикасы 9 процентке өсіп келген еді.

Грант Микаелян, Кавказ институтының ғылыми қызметкері: 

- Тұтынушылар болашаққа сенімсіздікпен қарап тұрғандықтан жылжымайтын мүлік нарығы мен құрылыс саласындағы жағдай нашар. Бұл бүкіл экономикаға кері әсерін тигізіп тұр. Кезінде армян драмының бағамы тұрақты болғандықтан, халық ақшасын ұлттық валютада ұстаған еді. Енді әрине долларға аудара бастады. Статистикасын әлі білмейміз, бірақ 2008 және 2014 жылдары болған үрдіс қайталанды.

Сарапшылардың айтуынша, ушығып тұрған тағы да бір мәселе жұмыс орындарының тапшылығы. Оған қоса біраз кәсіпорындар қызметкерлерін заңдастырмай, жалақысын конверттерге салып төлейтін болды.

Грант Микаелян, Кавказ институтының ғылыми қызметкері: 

- Қазан айында жұмыс орындары азайғанын байқадық. Әрі қарай не болатынын көрейік, бәлкім бұл уақытша құбылуы болған. Бірақ бұған сенім жоқ, керісінше бұл мәселелер ұзаққа жалғасатын түрі бар. 

Армения тұрғындарының көбісі экономикалық, әлеуметтік және эпидемиологиялық қиындықтарын елдегі саяси жағдай және билік өткізіп тұрған реформалармен байланыстырып отыр.

Гаянэ Айвазян, Ереван қаласының тұрғыны:

- Никол Пашинян жүздеген мың жұмыс орнын жапты. Сондықтан Арменияда екі қолға бір күрек табу қиындап кетті.

Мария Пименова, Ереван қаласының тұрғыны:

- Ол жетімдер үйлері, интернаттар мен 2 тубдиспансерді жапты. Онда тәжірибелі мамандар жұмыс істейтін, олар індет кезінде талай жанды құтқарар еді. 2 жарым мың адам бұл аурудан қайтыс болды. Саны аз халқымыз үшін бұл тым көп.

Нонна Мкртичян, Ереван қаласының тұрғыны:

- Иә экономикалық мәселелер бүкіл халыққа ауыр тиді. Мен әлі жұмыс істеп жатырмын, ал әпкемді қызметтен шығарып жіберді.

2019 жылы Армения экономикасын үлгі ретінде келтіретін. 8 проценттік өсім көрсетіп, бұл көрсеткіш бойынша Еуразиялық одаққа мүше барлық елдерді озып кеткен еді. Сарапшылардың пікірінше, 2023 жылға дейін елдегі жағдай түзелетін түрі жоқ.

Автор: Лаура Жүсіпбекова

Хабар 24 телеарнасы