423,83 504.32 5.84
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Қаладан рұқсатсыз шыға алмайтын бакуліктер жаңа жылды қалай қарсы алмақ?

  • 308
  • UPD: 14:32, 24.12.2020

Бакуде жаңажылдық мерекелер шектелді. Қатаң карантиннен барлық мейрамхана жабылып, қаладан арнайы рұқсатсыз шығуға тыйым салынған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Салдарынан адамдар мерекелік демалыста өзге аймақтарға сапар шеге алмайтын болды.

Биылғы жаңа жыл Әзербайжан халқының да есінен көп жыл бойы кетпес. Себебі індеттен Баку жұрты мерекені әдеттегідей атап өте алмайтын болды. Жаңа жылда барлық мейрамхана мен дәмханалар жабық болады. Әдетте мереке кезінде шаһар халқы демалыс уақытын өткізуді ұнататын дәстүрлі жәрмеңке де жоқ. Қатаң карантин қаңтардың 18-іне дейін жалғасады.

Кянан Гулузаде, Әзербайжан туризм жөніндегі мемлекеттік агенттігінің баспасөз хатшысы:

– Әлеуметтік желілер мен түрлі сайттарда кей мейрамханалардың жаңа жылды концерттік және ойын-сауық шаралармен қарсы алуға шақырған жарнамалары пайда болды. Біз ұйымдастырушыларды қазіргідей жағдайда мұндай шараларды өткізуге тыйым салынғанын ескерттік. Мемлекет ойын-сауықты ұйымдастырушылармен бірге оған қатысушыларды да қатаң жазалайтын болады.

Ал жаңа жылдық дастарханға қажетті арнайы азық-түлікті ауылшаруашылық жәрмеңкелерден алуға мүмкіндік бар. Бұл орындарда барлық сақтық қарастырылған. Адамдар оларға тексеріп барып қана кіргізіледі.

Иман Керимов, Әзербайжанның ауыл шаруашылығы министрі:

– Бұл жәрмеңкелер фермерлердің өз өнімдерін делдалдарсыз өткізе алу үшін ұйымдастырылады. Жәрмеңкеге келген адамдардың температурасы тексеріліп, бір жерде көптеп шоғырланбауы қадағаланады.  

Билік мерекені қонаққа бармай, отбасында ғана атап өтуге кеңес беруде. Бұл вирусты жұқтыруды азайтып, елдегі эпидемиологиялық жағдайдың тұрақтануына көмектеседі деп отыр.

Авторлары: Дәурен Ақашұлы, Шафаг Алиева, Айгюн Гасан

Хабар 24 телеарнасы