419,69 511.30 5.67
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Оңтүстіккореялықтар курьер мен даяшы орнына роботтарға тапсырыс бергенді жөн көреді

  • 115
  • UPD: 14:20, 24.12.2020

Оңтүстік Кореяда қол тигізбейтін қызметтер түрі көбейді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Кей тұрғын курьер мен даяшы орнына роботтарға тапсырыс бергенді жөн көреді екен. Бұған эпидемиологиялық ахуалдың нашарлауы себеп, сонымен қатар жақында ғана тауар тасымалдаушы ірі компаниялардың бірінде COVID-19 тіркелген.

Бұл – роботтар тұрағы. Олар тұрғындардың тапсырысын орындауға әзір тұр. Жасанды интеллект көмегімен жұмыс істейтін бұл роботтар таңғы 8-ден түнгі 10-ға дейін қызмет көрсетеді. Бұл жолы алғашқы тапсырыс түс кезінде түсті. Бір тұрғын кимпабқа тапсырыс берген. Роботтардың бірі дереу іске кірісіп, тұрғынның сұрағанын небәрі 5 минутта жеткізіп берді.

Владислав Цой, тілші:

– Тапсырысты жеткізуші роботтың 6 дөңгелегі бар. Алдында арнайы қорғанысы да бар. Бірақ оның сенсоры болғандықтан, ол ешкімнен соқтығыса алмайды, дейді мамандар. Өйткені осы құрылғы арқылы құлтемір алдындағы бөгетті өзі көре алады екен.

Жеткізуші роботтың туысы – робот даяшы. Келуші мобильді қосымшаны жүктеп, тағамға тапсырыс береді. Асын алған соң қосымша арқылы ақысын төлейді. Сондықтан кафе қызметкерлерімен байланыс жоқ. Роботтың дәмханада жұмыс істегеніне 2 жыл болды. Бірақ биыл оның жұмысы көбейіп кетті.

Квон Хян Джин, кафе иесі:

– Біз жұмыс істей бастағанда, оның қаншалықты тиімді көмек көрсете алатынына алаңдадық. Себебі тірі адам әлдеқайда жылдам қызмет етеді. Дегенмен роботтың да өз артықшылығы бар. Қазір осындай бір құрылғы адамға қарағанда 50 процентке тиімді жұмыс істейді.

Кафе иесінің айтуынша, мұндай даяшының басты артықшылығы – оған жалақы төлеудің қажеті жоқ. Жалғыз шығын - электр энергиясы. Оны түні бойы қуаттау керек. Сосын ол тынымсыз еңбек ете алады-мыс.

Ким Ё Соп, робот өндіретін компаниясының президенті:

– Өткен жылдың қараша айынан бастап 268 робот 201 мекемеге орналастырылды. Екі жыл бұрын біз қол тигізбейтін қызметті арттыру үшін осындай роботтарды ойлап таптық, кейін коронавирус пайда болды. Қазір бұл робот тапсырыстарды қауіпсіз жеткізудің арқасында өте танымал.

Бірақ жасанды интеллект қызметкерлерін жақтамайтын адамдар да бар. Оңтүстік Кореяда 967 мың адам жұмыссыз. Бұл еңбекке жарамды халықтың үш жарым проценті. Сарапшылар Оңтүстік Кореяда роботтар нарығы өседі деп болжайды. Елде жыл сайын туу коэффициенті төмендеп, халықтың қартаюы байқалады. Халықаралық робототехника федерациясының болжамына сәйкес, әлемдегі сервистік роботтар саны жыл сайын 42 процентке артады.

Авторлары: Владислав Цой, Ольга Лян

Хабар 24 телеарнасы