418,41 511.30 5.70
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

COVID-19: Жаңа штамм әлемнің он шақты елінде тіркелді

  • 170
  • UPD: 23:45, 24.12.2020

COVID-19-дың қаупі күшейіп барады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұған дейін Ұлыбританияда коронавирустың жаңа штамы туралы белгілі болып, біраз ел Корольдікпен әуе қатынасын тоқтатқан еді. Мамандар оның тез таралатындығын айтып алаңдаған. Енді соңғы ақпар бойынша мұнда вирустың тағы бір жаңа түрі анықталған. Ол Оңтүстік Африка Республикасынан келген болуы мүмкін.

Анығын арна тілшісі Жұлдыз Атагельдиевадан білейік.

Диктор:

- Жұлдыз, сарапшылар британдық штамның тез таралатыны туралы айтқан еді. Ал, мына екінші түрі туралы не дейді?

- Мамандар екінші штамм біріншісінен де тез таралуы мүмкін екенін айтып, қауіптеніп отыр.

Жұлдыз Атагельдиева, тілші:

- Иә, Ұлыбританияның денсаулық сақтау министрі мына жаңа штамның біріншісінен де тез таралуы мүмкін екенін айтып отыр. Ол Оңтүстік Африка Республикасына келген. Бұл ретте жергілікті билік арадағы әуе қатынасын шектеді. Қазір екі дерек жайлы белгілі. Қос науқас та дәрігерлердің бақылауында. Олар тақауда Оңтүстік Африка Республикасынан оралған азаматтармен қарым-қатынаста боған екен. Сондықтан билік жақында осы елге барып қайтқандардың барлығын 10 күндік карантинге жіберу шешімін қабылдады.

Мэтт Хэнкок, Ұлыбритания денсаулық сақтау министрі:

- Бұл жағдай бізді қатты алаңдатып отыр. Өйткені коронавирустың жаңа штамы біріншісінен де тез таралады. Мутацияға да тез ұшырайтын сияқты. Сондықтан біз шұғыл шаралар қабылдадық. Оңтүстік Африка Республикасынан елімізге кіруге шектеу қойдық. Ал, жақында ол жерден оралғандар карантинге жатқызылып жатыр.

***

Африкалық жаңа штамм тез таралады

Негізі коронавирустың британдық штамы биыл қыркүйекте белгілі болған еді. Қарашада Лондондағы науқастардың 25%-інде вирустың жаңа түрі анықталса, желтоқсанның ортасында ол тұрғындардың 65%-інен табылды. Ал, Оңтүстік Африка Республикасындағы штамға келетін болсақ, ол қазанның басында анықталыпты. Бірақ билік тек өткен аптаның соңында жария етті. Жалпы соңғы 3 аптада мұнда індетті жұқтыру деректері 3 есеге артқан. Қазір науқастардың 90%-інде жаңа штамм анықталып жатқан көрінеді. Африкалық мамандардың айтуынша, коронавирустың жаңа түрі жастар жағы үшін қауіпті. Өйткені оларда індет ауыр өтеді екен. Қауіптің күшеюіне байланысты елмен Ұлыбританиядан бөлек, Германия, Швейцария, Түркия, Израиль мен Маврикий арадағы әуе қатынасын тоқтатты.

Тулио де Оливейра, эпидемиолог:

- Бұл тек біздің еліміз үшін ғана емес, бүкіл Африка үшін қауіпті жағдай. Өйткені құрлықтың денсаулық сақтау жүйесіне адамның иммунтапшылық вирусы мен туберкулез эпидемиясынан көп салмақ түсті. Өзге өңірлермен салыстырғанда бізде вирустың бірінші толқынында деректер саны аз болды. Бірақ қатаң шаралар қабылдамасақ, екінші толқыны кезінде жағдай әлдеқайда күрделі болуы мүмкін.

***

Жаңа штамм балалар үшін қауіпті ме?

Африкалық штамды жастарда ауыр қабылдаса, британдық штамм балаларға қауіпті болуы мүмкін. Мамандар осындай болжам жасап отыр. Вирустың мутацияға ұшыраған жаңа түрі балаларға тез жұғуы мүмкін деген күдік бар. Өйткені Ұлыбританияда 15 жасқа дейінгі тұрғындар арасында жаңа штамм жиі анықтала бастаған екен. Мамандардың түсіндіруінше, коронавирус ағзалар мен дәрілерге біртіндеп бейімделе бастаса керек.

Нил Фергюсон, Лондон империялық колледжінің профессоры:

- Бұған дейін балғындар мен жеткіншектерді осал топқа жатқызбайтын едік. Алайда жаңа штамм балалар арасында індет жұқтыру деректерін арттыруы мүмкін деген күдік бар. Біз мұны статисикаға қарап айтып отырмыз. Алайда қандай да бір қорытынды жасау әлі ерте. Өйткені бұл бағыттағы тәжірбилер аз. Қолда бар мәлімет те жеткізіліксіз.

***

Жаңа штамм он шақты елде тіркелді 

Жалпы Оңтүстік Африка Республикасындағы жаңа штамм әзірге тек осы ел мен Ұлыбританияда тіркелсе, вирустың британдық түрі әлемнің бірнеше елінде анықталған. Олардың қатарында Дания, Италия, Нидерланд, Австралия, Бразилия, Сингапур және Малайзия да бар.

Хабар 24 телеарнасы