418,41 511.30 5.70
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Бакуде пандемия жағдайындағы Жаңа жыл қалай өтеді?

  • 237
  • UPD: 23:42, 24.12.2020

Бакуде Жаңа жыл мерекесін тойлауға тыйым салынды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қатаң карантиндік режимге байланысты елдегі барлық мейрамхана жабық болады.

Ал қаладан шығу үшін алдымен арнайы рұқсат алу керек. Сондықтан тұрғындардың көбі мереке кезінде өзге өңірлерге бара алмайды. Енді бакуліктер жаңа жылды қалай қарсы алады?

Шафаг Алиева, тілші:

- Бұл Бакудың мейрам қарсаңындағы көрінісі. Өткен жылмен салыстыруға келмейді. Көздің жауын алардай безендірілген көшелерді көрмейсің. Керегін іздеп, мерекелік жәрмеңкеге жиналған жұрт та жоқ. Өйткені биыл той-томалақ өткізуге тыйым салынған. Елдегі қатаң шектеу шаралары қаңтардың 18-іне дейін жалғасады.

Кянан Гулузаде, Туризм жөніндегі мемлекеттік агенттіктің баспасөз хатшысы:

- Кей қонақ үйлер әлеуметтік желілер мен түрлі сайттарда жаңажылдық мерекеге орай концерттік, ойын-сауық бағдарламалар ұйымдастыратынын айтып, жарнама жасаған. Осыған байланысты біз шұғыл әрекет етіп, ұйымдастырушыларға қазір мұндай шара өткізуге болмайтынын ескерттік. Егер тәртіп бұзылса, ұйымдастырушылар да, жиынға қатысушылар да жауапқа тартылады.

Дей тұрғанмен, тұрғындардың жаңажылдық дастархан жаюына жағдай жасалмақ. Ол үшін ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерін ұйымдастыру көзделген. Бірақ оның аумағына кірмес бұрын азаматтар жіті тексеруден өтеді.

Иман Керімов, Ауыл шаруашылығы министрі:

- Бұл жәрмеңкелерде фермерлер өз өнімін делдалсыз сата алады. Пандемияға байланысты барлық келушілердің дене қызуы өлшенеді. Сонымен қатар адамдардың тым көп болып жиналмауына назарда болады.

Жалпы қазір Әзербайжан билігі жаңа жылды тек отбасымен бірге қарсы алып, қонаққа барудан бас тартуға шақырып отыр. «Бұл – инфекцияның таралу қаупін азайтып, эпидемиологиялық ахуалды тұрақтандыруға септігін тигізеді», - дейді олар.

Авторлары: Шафаг Алиева, Айгюн Гасан

Хабар 24 телеарнасы