418,54 511.30 5.69
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Өзбекстан Қытайдың вакцинасын сынақтан өткізіп жатыр

  • 84
  • UPD: 08:51, 25.12.2020

Өзбекстанда коронавируске қарсы қытайлық вакцина сынағының үшінші кезеңі қызу жүріп жатыр. Бүгінгі күнге дейін дәрігерлер «Zhifei» компаниясы өндірген препаратты 300-ге жуық адамға салып үлгерген.

Елена Акрамжанова секілді тағы да 300-ге жуық еріктіге қытайлық вакцинаның алғашқы дозасы салынды. Клиникалық сынаққа бас-аяғы 5 мың азамат қатысып отыр. Вакцинаның өзін 2,5 мың адамға ексе, қалғандарына плацебо, яғни зияны да, емдік қасиеті де жоқ препарат салмақ. Осылайша вакцинаның тиімділігі сыналады.

Елена Акрамжанова, ерікті:

- Вакцинация алдында бойымды еш үрей билеген жоқ. Өйткені бұл клиникалық сынақтың үшінші кезеңі. Демек, препараттың қауіпсіздігі бұған дейін дәлелденіп қойған. Енді оның тиімділігі сыналады. Сол себепті мен ғылыми сынаққа қатысуға өз еркіммен ниет таныттым.

Қан қысымы жоғары, онкологиялық, созылмалы һәм қан аурулары және иммун тапшылығы бар адамдарға, сондай-ақ жүкті әйелдерге вакцина салынбайды. Коронавируспен ауырып шыққандар да клиникалық сынаққа қатыса алмайды екен.

Сохиба Өтегенова, дәрігер-инфекционист:

- Вакцина салынғаннан кейін ерікті 30 минут бойы дәрігердің қарауында болады. Ол үшін арнайы бөлме дайындап қойғанбыз. Мұнда сынаққа қатысушының денесі қызарып кеткен-кетпегенін, қызуының көтерілген-көтерілмегенін бақылаймыз. Егер бәрі жақсы болса, онда бұл азаматты үйіне жібереміз.

Еріктіге вакцинаны үш ай бойы үш рет салады. Ал келер жылдың соңында сынаққа қатысқан адамнан түрлі анализдер алып, препараттың тиімділігін анықтауға тырысады.

Жасын Біркенов, тілші:

- Бұл қытайлық вакцина сынағының үшінші кезеңі. Алғашқы екі кезеңде оның қауіпсіздігі мен антиденені өндіре алу мүмкіндігі тексерілгенін айтып кету керек. Егер бәрі сәтті өтсе, онда Өзбекстан бұл препаратты Қытайдан төмен бағамен сатып алуға мүмкіндік алмақ. Тағы бір түртіп айтып кететін жайт: осы айдың басында көрші мемлекетке ресейлік «Cпутник V» вакцинасы да жеткізілген еді. Оны сынау жұмыстары алдағы жылдың басында басталуы тиіс.

Автоорлар: Ж.Біркенов, Қ.Оспан

Хабар 24 телеарнасы