420,29 511.30 5.69
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Үндістанда теріс нәтижелі ПТР-тесттерді саудалаған топ ұсталды

  • 131
  • UPD: 13:50, 27.12.2020

Үндістанда теріс нәтижелі ПТР-тесттерді саудалаған алаяқтар тобы ұсталды. Өз айласын іске асыру үшін әбден дайындалғандар әр тестті 60 еуродан сатып келген. Жеті адамнан тұратын бұл топ қазір қамауда. Бірақ полицейлер нақты қанша адамның осы қызмет түрін пайдаланғанын біле алмай отыр. Олардың қандай мақсатпен тест сатып алғандары да белгісіз.

«Денсаулық туралы анықтама қымбат»: Үндістанда осындай ұранмен жұмыс істеген бір топ алаяқ ұсталды. Айтуларынша, олар уақыт өте келе ұсталып қалам деген ойды шетке ысырып, қорқуды білмей кеткен. Алаяқтардың есіргені сонша олар жымысқы ойын іске асыру үшін бағаналарға хабарландыру іле бастаған. Тест бағасы әр елді мекенге байланысты өзгеріп отырған. Орташа есеппен алғанда 60 еуро тұрады. Бірақ клиент дәулетті болып көрінсе, тестілеу бағасы бірден үш есеге қымбаттап отырған. Тіпті 400 еуроға жасалған кездер де болған көрінеді.

Аамир Ралмал, Нью-Дели полициясы бөлімінің тергеушісі:

- Осы бір алаяқтық схеманы пандемия кезінде тұрақты табысынан айырылып қалған 34 жастағы бизнесмен ойлап тапқан. Бір күні ол танысымен кездесіп қалады. Әңгіме барысында әлгі таныс тестілеуден өтуге еш уақыты жоғын айтып, дайын тестті қанша тұрса да сатып алуға әзір екенін жеткізген. Алаяқтық жасау идеясы осыдан туған. Оның үстіне әлгі арамзаның бір досы пульмонолог болып жұмыс істеп жүрген.

Сөйтіп ол ақ халатты досын үлкен пайдаға, қомақты қаржыға кенелесің деп алдап соғып, алаяқтыққа көндіреді. Дәрігер өзінің сыбайластарына тек анықтама толтыруға қажетті бланктар мен тесттерді жеткізіп тұруы керек болған. Бірте-бірте ақшаның дәмін сезген ол өзіне назар аудартпау үшін бұл іске өзге емханалардағы әріптестерін тарта бастайды. Сөйтіп түрлі сылтаумен дайын тесттерге қол жеткізуге тырысқан.

Ритик Камур, Нью-Дели полициясы бөлімінің анықтаушысы:

- Қазір біз соңғы айлардағы ең ауқымды операциялардың бірін жүргізіп жатырмыз. Сондықтан сатып алушылардың барлығын анықтау маңызды. Қамауға алынғандар соңғы 2 айда жұмыс өте қызу болды, дейді. Бірақ нақты қанша клиенттің болғанын айта алмай отыр. Айтуларынша, олардың саны бірнеше жүзден асады. Осыншама адамның қазір қайда жүргені мен олардың теріс нәтижелі тестті не үшін сатып алғандарын анықтау маңызды болыр тұр.

Полицейлердің дерегінше, алаяқтардың көмегіне бас-аяғы 480 үндіс жүгінген. Алайда осы уақытқа дейін олардың тек 20-сы ғана табылған. Бәрі бұл тесттерді шетелге шығу үшін жасапты. Сол кезде осы азаматтардың вирус жұқтырып-жұқтырмағанын анықтау үшін қазір мамандар тексеріс жүргізіп жатыр. Ал алаяқтардың тағдырына келер болсақ, олардың бәрі қамауда. Жуырда ресми айып тағылады деп күтілуде. Нью-дели прокуратурасының айтуынша, бұл іс ұлттық қауіпсіздікке қауіп келтіру ретінде бағаланады.

Алексей Родионов, Дмитрий Лукша, Анастасия Левитан, Устад Рахман

Хабар 24 телеарнасы