426,05 517.06 5.77
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Брюссель мен Лондон Brexit бойынша ортақ мәмілеге келді

  • 292
  • UPD: 11:08, 25.12.2020

Төрт жарым жылға созылған келіссөздерден кейін Лондон мен Брюссель «Брексит» бойынша ортақ мәмілеге келді. 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап, Ұлыбритания толық саяси және экономикалық тәуелсіздікке қол жеткізбек. 

Тараптардың көптен бері бір келісімге келе алмауының басты себебі Біріккен Корольдіктің бір бөлшегі саналатын Солтүстік Ирландияның кедендік мәртебесі болатын. Ұзақ келіссөздерден кейін бұл мемлекет еуропалық кедендік одақтың құрамында қалатын болды. Жаңа келісім Рождество мерекесі қарсаңында және «Брекситтің» өтпелі кезеңінің аяқталуына бір апта қалғанда жасалып отыр. Ол 2000 беттен тұрады және азаматтық ядролық ынтымақтастық пен энергетикалық өзара байланыстан бастап, балық шаруашылығы мен авиация мәселелеріне дейін қамтиды.   

Борис Джонсон, Ұлыбритания премьер-министрі:

- Біз ендігәрі бар күш-жігерімізді ковидпен күреске жұмсауымыз керек. Басқа мәселелерге алаңдамай, келер жылы еліміздің қайтадан қалпына келуіне мүмкіндік беруіміз қажет. Жылына 660 млрд стерлинг фунтын құрайтын бұрын-соңды болмаған ең ірі сауда келісіміне қол жеткізгенімізді айтқым келеді.

Келісім Ұлыбританияға нөлдік тариф және нөлдік квота принциптері негізінде Еуроодаққа мүше елдермен сауда жасауға кепілдік береді. Бірақ экспорттаушылар 1 қаңтардан бастап, шекарадан өтерде көптеген тексерулерге кезікпек. Халық та бұрынғыдай визасыз еркін саяхаттай алмайтын болады. Британиялық оппозицияның басшысы келісімге қанағаттанбаса да, қолдау білдіретінін мәлімдеді.

Кир Стармер, Лейборшылар партиясының көшбасшысы:

- Келісім британиялық өндірісті, біздің қаржылық қызметтерімізді, шығармашылық индустрияны және жұмыс орындарын толығымен қорғамайды. Бұл үкімет уәде еткен келісім емес. Бұдан да тиімді ортақ келісімге келуге болар еді. Бірақ қолдамасқа амал жоқ. 

Британдықтар арасында жаңалыққа қуанғандар да, реніш білдіргендер де болды. Олардың пікірлері 2016 жылы өткізілген Еуроодақ құрамынан шығу жөніндегі рефендумдағыдай қақ айырылды.

БЛИЦ

- Иә, меніңше келісіп пішкен тон келте болмайды. Келісімге келгендері дұрыс болды. Ортақ мәміле болмағанда жағдай ушығар ма еді?!

- Келісімге келу үшін оларға 4,5 жыл керек болды. Одан бері қаншама премьер-министр ауыстырдық?! Негізі Еуроодақтан шықпауымыз керек еді.

Еуропалық комиссия келісім жобасын Еуроодаққа мүше-мемлекеттерге және британиялық парламентке дауысқа салуға жіберді.

Сарапшылардың пікірінше, мәселе көп ұзамай оңынан шешілетінге ұқсайды.

Авторы: Ғалымжан Қараманұлы

Хабар 24 телеарнасы