419,69 511.30 5.67
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

COVID-19: Елизавета II дәстүрді бұзуға мәжбүр

  • 193
  • UPD: 22:24, 25.12.2020

Биылғы Рождество бұрынғыдай емес. Мұның бәрі әрине коронавирустың кесірі, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мереке күні Еуропа елдерінде көшеде жүрген кісі қарасы бұрынғыдай қалың емес. Өйткені билік қазір той тойлайтын кез емес деп, тұрғындарды сақтыққа салғырт қарамауға шақырды. Дегемен кей елде ережені елеп жатқан халық жоқ. Пандемия кезінде Рождество қалай атап өтіліп жатыр?

Сақтыққа салғырт қарап жатқандар қатарында әлемдік антирейтингтің үштігіне кіретін елдің тұрғындары бар.

Христиандардың басты мерекесінің бірі – Рождество биыл әдеттегідей ірі көлемде атап өтілмейді. Коронавирустың жаңадан күш алуына байланысты көп елде қатаң шектеу шаралары күшіне енді. Рим папасы әдеттегідей Ватиканда рождестволық мессасын өткізді. Алайда биыл Әулие Петр шіркеуінде бұрынғыдай кісі көп емес. Әдетте 10 мыңдай келуші болса, биыл жүзге жуық адам ғана жіберілген. Шіркеу сыртындағы алаңда да адам саны аз. Жалпыұлттық карантинге байланысты тұрғындардың жүріп-тұруы шектелген. Мессаның өзі де әдеттегі уақыттан ерте басталған. Оған комендантық сағат себеп.   

Хаким Шмидт, студент:

– Біртүрлі екен. Көшеде адам жоқ. Үйреншікті емес. Мен мұнда метромен келдім. Онда да жолаушы жоқтың қасы. Келесі жылы жағдай өзгеретін шығар деген үміттеміз. 2021 жылы Рождествоны әдеттегідей атап өтсек екен.

Ұлыбританияда да биылғы Рождествода өзгеріс бар. Корольдік отбасы дәстүрді бұзуға мәжбүр. Сөйтіп Ханшайым Елизавета екінші 33 жылда алғаш рет мерекені Сандрингемде емес, Виндзор сарайында атап өтті. Оған карантиндік шектеулер себеп. Ханшайым эпидемия басталғалы күйеуімен бірге осы сарайда тұрып жатыр. Және мүмкіндігінше жаппай іс-шараларға қатыспауға тырысып келеді. Биыл Елизавета екінші шіркеу қызметіне де қатыспауды ұйғарған. Ал бірнеше сағаттан кейін оның рождестволық телеүндеуі басталуы тиіс. Бұл жолы тілге тиек етілетін басты тақырып пандемия болғалы тұр. Жалпы Ұлыбритания билігі Рождествоға таман шектеу шараларын жеңілдетуді көздеген. Алайда мұнда коронавирустың жаңа штамы анықталып, керісінше карантинді қатаңдатуға тура келді. Сөйтіп тұрғындарға қонаққа баруға және көшеде екі адамнан артық жиналуға тыйым салынды. 

Рождество түні коменданттық сағат алынып тасталды

Францияда керісінше, шектеу шаралары жеңілдетілді. Олар қарашаның басында енгізілген. Қазір дүкендер, шырша сататын базарлар мен шіркеулер жұмыс істеп тұр. Алайда ғибадат етуге қатысатын адам саны шектелген. Және қатаң санитарлық талаптар сақталады. Карантин жеңілдетілгенімен, елде коменданттық сағат күшін жоймайды. Кешкі сегізден кейін тысқа шығуға рұқсат жоқ. Алайда билік Рождествоға орай 24-інен 25-іне қараған түні оны алып тастады. Бірақ бұл бір күнге ғана жасалған жеңілдік. Жаңа жыл түні коменданттық сағат күшін жоймайды.

Гилен Леманн, жергілікті тұрғын:

– Мен вирус жұқтырып аламын деп қорықпаймын. Өйткені сақтық шараларына жауапкершілікпен қараймын. Қолымды жиі жуып, әлеуметтік қашықтық сақтаймын. Оның үстіне масканы беталды шешпеймін. Дегенмен биыл Рождествоны бүкіл отбасы болып атап өте алмадық. Бір күнді қыздарыммен, екінші күнді ұлдарыммен бірге тойлаймыз.

Жағажайда адам саны аз

Австралияның Сидней қаласындағы Бонди жағажайына әдетте Рождествоны атап өту үшін жергілікті тұрғындар мен шетелдіктер көп келетін. Алайда биыл адам саны аз. Өйткені біріншіден, шекаралар жабық. Екіншіден, штаттар арасында қатынауға да шектеу қойылған. Дегенмен дәстүр бойынша мұнда шырша орнатылып, жергілікті халық мүмкіндігінше көңіл көтеруге тырысып жатыр. 

Джеймс Смит, жергілікті тұрғын:

– Мен Австралияға 4 жыл бұрын көшіп келгенмін. Сол уақыттан бері Рождествоны Бонди жағажайында атап өту дәстүрге айналған. Биыл да пандемияға қарамастан, сол дәстүрді жалғастыруды жөн көрдім.

Сан-Паулуда сақтық шаралары ұмыт қалды

Бразилияның біраз қаласында мереке күндері дәстүрлі шаралар өтпейді. Отшашуға тыйым салынған. Өйткені мемлекеттегі эпидемиологиялық ахуал мәз емес. Бразилия әлемде вирус жұқтыру деректері бойынша үшінші орында тұр. Мұнда расталған оқиға саны 7 жарым миллионға таяп қалды. Соған қарамастан Рождествода жақындарына сыйлық іздеп, дүкен аралаған адам қарасы көп. Сақтық шаралары ұмыт қалған. Тіпті пандемия болмағандай. Коронавирус жайлы тек жұрттың бетіндегі маска ғана еске салады. Мамандар мерекеден кейін деректер саны күрт арта ма деп қауіптенеді.

Авторы: Жұлдыз Атагельдиева

Хабар 24 телеарнасы