420,31 511.30 5.69
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Чехия жастары жалғызбасты қарттарды құттықтауға кірісті

  • 143
  • UPD: 15:28, 26.12.2020

Чехия жастары зейнеткерлерге қолдау көрсетуді шешті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жаңажылдық демалысында студенттер мен волонтерлер жалғыз тұратын қариялар мен әжейлердің үйлеріне бармақ. Кез келген адам белсенділерден зейнеткерлердің мекенжайын біліп, оларға сыйлықтарын табыстай алады. Шараға қатысушылардың айтуынша, қарттардың көбісі сыйлықтан гөрі үйлеріне қонақтардың келуіне қуанады.

Мейрам кезінде жалғызбасты қарттарға жылу сыйлап, көңілдерін көтеруді Чехия студенттері ұсынды. Бұл ой оларға қыркүйек айында келді. Сол кезде бір әжей оқудан қайтып бара жатқан жастарды тоқтатып, онымен отырып, әңгімелесуді сұраған. Өтінішін орындаған студенттер мерекені бәрі тойлап жатқанда жалғызбасты қарияларға қаншалықты қиын болатынын түсінді. Прага қаласының әлеуметтік жәрдем беру орталығы бұл бастаманы қолдап, волонтерлерге зейнеткерлердің мекенжайларын берді.

Йозеф Тршиска, қоғам белсендісі:

- Кездейсоқ адамға сыйлық табыстайтын Құпия Санта деген шара кеңінен тарап кетті. Яғни, танымайтын ата-әжейлерді құттықтап, оларға мереке сыйлаймыз. Бұған көп ақшаның да қажеті жоқ, ең бастысы – қарияларға көңіл бөлу.

Шара желтоқсанның 15-інде басталды. Алғашында құрамында 7 волонтер болып, олар бірнеше күнде 80-нен аса зейнеткерді құттықтады. Кейін бұл ізгі іс туралы хабар көпшілікке тез тарап, шараға қатысуға ниет білдірген белсенділер көбейді.

Иван Фиала, қайырымдылық ұйымның волонтёрі:

- Біздің қозғалыстың ауқымы күннен күнге кеңейіп жатыр. Осы ретте арамызға қосылғандарға қариялармен сөйлесу мәдениетін түсіндіріп, қандай сыйлық беруге болатынын айтамыз. Әрине, зейнеткерлер танымайтын адамға ашыла бермейді. Бір әжей еріктілерге екі сағат бойы есік ашпаған. Ол жастардың құттықтау үшін келіп, бұған ақша төлеудің керегі жоқ екеніне сенбеген екен.

Қайырымдылық топтың негізін IT-cаласының болашақ мамандары құрды. Жақында оларға студент-психологтар қосылып, қарттармен сырласатын болды. Сондай-ақ олар пәтерін жинастырып, шыршаны орнатып береді. Алыстағы туыстарымен үнемі хабарласып тұратындай бейнебайланыс орнатып беруді жиі сұрайды екен. Мейрам алдында қарттарға арналған арнайы телефон желісі іске қосылды. Ол бойынша зейнеткерлер мерекелік дастарханға тапсырыс бере алады. Сондай-ақ жанашыр адамдармен сөйлесіп, шын жүректен айтылған құттықтауларын естуге мүмкіндік алады.

Авторлары: Александр Грэс, Павел Невид

Хабар 24 телеарнасы