418,41 511.30 5.70
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Бейжіңдегі бір ауданда темірдей тәртіп енгізілді

  • 129
  • UPD: 22:05, 26.12.2020

Бейжіңнің тұтас бір ауданында әскери тәртіп енгізілді. Бұл жаңадан коронавирус ошақтарының табылуына байланысты қабылданған шара.

Қала бойынша қауіпсіздік шаралары күшейтілген. Қалаға кіретін жолдар мен қоғамдық орындар бақылауға алынды. Сондай-ақ үкімет мереке қарсаңында да сақтыққа мән беріп отыр. Жалпы қытай жаңа жылы кезінде елде 3 миллиард көлік сапары тіркелетін. Ал биыл ел тұрғындарының көбі саяхатқа шыққан жоқ. Алдағы мейрамды да Қытай халқы толыққанды тойлай алмайтын түрі бар.

Биыл Қытай тұрғындары Ай күнтізбесі бойынша Жаңа жылды ақпанның он екісінде қарсы алады. Бірақ ел мерекеге әуелден дайындалып жатыр. Бейжің әкімшілігі мейрам кезінде тұрғындарды қалада қалуға шақырды. Бұл тұста ең алдымен мемлекеттік мекемелер мен кәсіпорындардың қызметкерлері үлгі көрсетуі тиіс. Сондықтан олардың жүріс-тұрысы мұқият қадағаланады. Шаһарда бұқаралық шаралар өткізуге тыйым салынды. Мұражайлар, кинотеатрлар мен кітапханалар жалпы орындарының тек төрттен үш бөлігін толтыра алады. Қалаға кіретін жолдар да бақылауға алынды.

Чэнь Бэй, Бейжің мэриясы бас хатшысының орынбасары:

- Шетелден және індет қауіпі жоғары және орта деңгейдегі Қытай өңірлерінен адамдардың шаһарға келуін мұқият бақылап тұрамыз. Тікелей рейстермен қатынайтын жолаушылар санын шектейміз. Олар 14 күн дәрігерлердің қарауында және тағы 7 күн бақылауда болады. Ал індет қаупі жоғары Қытайдың өңірлерінен ел астанасына келуге тыйым саламыз.     

Теміржол вокзалдары, әуежайлар мен автобус бекеттері өз аумағы мен көлігін жиі дезинфекциялап, жолаушылардың дене қызуын өлшеуі керек. Соңғы кезде елдің бірқатар өңірлерінде коронавирус тіркелген. Олардың арасында ауру симптомдары байқалмайтын науқас көп. 

У Цзунью, ҚХР Ауруларды бақылау және алдын алу орталығының жетекші эпидемиологы:

- Ауруды анықтайтын тәсілдер көбейді, атап айтқанда нуклеин қышқылдарының тестісі бар. Сондай-ақ індет таралмас бұрын вирусты ерте кезеңінде тіркейміз. Осының арқасында симптомы жоқ науқастарды да анықтай аламыз.

Бейжіңдегі эпидемиологиялық ахуалға келетін болсақ, науқастармен жақын араласқан адамдар және көрші аудандардың тұрғындары нуклеин қышқылдарына тесттен өткен. Науқастар болған жерлерде вирус іздері тексеріліп, дезинфекцияланды. Кеңселер, қоғамдық орындар мен тұрғын үйлердің кіреберісінде «Денсаулық коды» бағдарламасын тексеру күшейтілді. Бұл адамдардың жүріс-тұрысы мен дене қызуын бақылауға көмектесетін ұялы қосымша.

Авторлар: Ботагөз Сырғабаева, Айгерім Сүлейменова

Хабар 24 телеарнасы