419,69 511.30 5.67
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Үндістан мен ЕЭО еркін сауда аймағын құру жөнінде келіссөз жүргізді

  • 144
  • UPD: 13:20, 27.12.2020

Үндістан Еуразиялық экономикалық одақпен серіктестік орнатуға ниетті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жуырда ғана Еуразиялық экономикалық комиссияның сауда бөлімі Үндістан бизнес-қауымының өкілдерімен кездесті. Тараптар өзара сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту жолдарын талқыға салды. Келісімге жетсе, еркін сауда аймағы ашылуы мүмкін.

Үндістан Еуразиялық экономикалық одақпен серіктестік орнатуға ниетін 2020 жылы білдірді. Тараптар осы жыл басында-ақ бір-бірінің қажеттіліктері мен мүмкіндіктерін белсенді түрде талқылаған болатын. Ал көктемде сөзден іске көшіп, Одақ өкілдері Үндістан аумағында коронавирусқа қарсы вакцинаның 100 миллионнан аса данасын шығару жөнінде келісімшарт жасасып, желтоқсан айында Үндістанның көмір корпорациясына карьерлік автотүсіргіштерді жеткізу туралы келісті.

Лата Рахи, саясаттанушы:

– Үндістан үкіметі нарығымызға пайда әкелетін тауарлар тізімін әзірледі. Нью-Дели экологиялық таза көліктер, теміржол техникасын құрастыруға қажетті бөлшектер сатып алуға және ақылды қала жобаларын жүзеге асыруға қызығушылық танытып отыр. Мұның бәрі еліміз үшін өзекті. Әрине қазіргі жағдайда Үндістанға вирустан сақтану құралдары өте қажет.

Өткен жылы Еуразиялық экономикалық одақ пен Үндістан арасындағы тауар айналымы 14 миллиард доллар болған. Бірақ биыл пандемия кесірінен шекаралардың жабылуы сынды қауіпсіздік шаралары бұл көрсеткіштерден асуға мүмкіндік бермеді. Десе де экономистер екіжақты ынтымақтастықтың болашағы зор деп болжам жасап отыр. Бүгінде одаққа мүше елдер арасында Үндістанның ең ірі серіктестері – Ресей мен Қазақстан. Бұл елге Қазақстан мұнай, күміс, ферроқорытпалар мен титан экспорттайды. Ал орнына тоқыма бұйымдары, техника, медициналық құрал-жабдықтар мен дәрі-дәрмек жеткізіледі.

Сону Раджесвали, экономист:

– Үндістан  – күрделі нарық. Бұл жерде жүйелі түрде жұмыс істей алатындар табыс таба алады. Еуразиялық экономикалық комиссия қос тарап жүзеге асыра алатын жобалар тізімін жақын арада жариялайды деген үміттеміз. Бұл арамызда еркін сауда аймағын құру жұмыстарын тездетеді. Ортақ нарық бизнес қауымдастыққа да пайдалы болады. Өйткені белгілі тауарларға кеден салығы азайып, өзге де экономикалық преференциялар жасалады.

Еркін сауда аймағы бұған дейін саудаға кедергі келтіріп жүрген бөгеттерді алып тастайды. Осылайша Үндістан өнеркәсібі Еуразиялық экономикалық одақ нарығына шығу мүмкіндігіне ие болады. Сарапшылардың болжамынша, еркін сауда аймағы құрылғаннан кейін алғашқы үш айда одақтың жалпы ішкі өнімі бір жарым миллиард, ал кейін 3 миллиард долларға өсуі мүмкін.

Авторлары: Алексей Родионов, Устад Рахман

Хабар 24 телеарнасы