425,70 504.60 5.77
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Египеттің әйгілі маржан тастары құрып кетуі мүмкін

  • 286
  • UPD: 22:28, 27.12.2020

Мысырдың әйгілі маржан тастарына қайтадан құрып ету қаупі төнді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл жолғы қауіп – браконьерлер. Өйткені балық аулауға шығатын кемелер жартастарды бүлдіріп, теңіздегі экологиялық тепе-теңдікті бұзады.

Қызыл теңіздегі маржан кедертастары 2070 жылға қарай мүлдем жойылып кетуі мүмкін. Осыдан дәл бір жыл бұрын жергілікті экологтар осындай көңіл көншітпейтін болжам жасаған болатын. Бұл экологиялық апаттың басты себебін мамандар ғаламдық жылыну процесі деп атаған. Енді бұған қоса табиғи байлықты мысырлықтар өз қолымен де бүлдіріп жатыр. Карантин кезінде балыққа сұраныс артып, бағасы да өскен. Сәйкесінше, балықшылар да теңізге еселеп ау тастайтын болған. Пайда қуған браконьерлердің кесірінен теңіз жануарлары қырылып жатыр. Ал теңізге тасталған торлар маржан жартастарына орны толмас зиян келтіруде.

Мохаммед Кульсум, эколог:

- Мұны балық ауы деп те атауға болмайды, табиғи қорық аумағында орналасқан маржан кедертастарының бойымен ондаған шақырымға созылған нағыз өрмек. Бұл аралдар 30 жылдан аса заңмен қорғалып, табиғат пен қоршаған ортаға зиян келтіретін кез келген әрекет жасауға тыйым салынған. Бұрын браконьерлердің біраз болса да ұяты болып, Қорық аумағына кіре қоймаушы еді. Ал биыл теңіздің бүкіл түбі ауға толы.

Хургаданың солтүстігіндегі Әл-Фанус мен Әл-Арак аудандарында маржан жартастарына кәдімгідей нұқсан келген. Жергілікті полиция өкілдерінің мәлімдеуінше, күн сайын теңіз түбінен үш шақырымдай ау шығарылады. Қаскөйлер әлі қолға түспеген. Қазір тәртіп сақшылары браконьерлердің ізін кесіп, жақын маңдағы балық сататын дүкендерді түгел бақылауға алған.

Абдаллах Мулат, дайвер:

- Теңіз патрульдерінің навигациялық лицензияның мерзімі біткен, ал Теңіз инспекциясының басқармасы жаңасын бермей отыр. Осы себептен кезекшілік еткенде кейбір аудандарға кіре алмайды. Бюрократия салдарынан заңсыз балық аулау күрт өсіп кетті. Браконьерлер бір күннің өзінде табиғатқа орасан зиян келтіреді, ал бұл жағдай бір жылдай жалғасып келеді.

«Осылай жалғаса берсе, маржан кедертастары 2025 жылы-ақ мүлдем жойылып кетеді», - деп дабыл қаққан эколог-мамандар заңсыз балық аулауға жол бермес үшін үкіметтен теңіз патрульдерінің санын арттыруды талап етіп отыр.

Авторлары: Дмитрий Лукша, Светлана Брахмит, Амр Мурад

Хабар 24 телеарнасы