426,73 523.00 5.95
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Германия азаматтарының 65%-і коронавирусқа қарсы вакцинаны салдыруға дайын

  • 217
  • UPD: 22:42, 27.12.2020

Германияда жаппай вакцинациялау науқаны басталып кетті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ел азаматтарына BioNTech пен Pfizer компаниялары жасап шығарған препарат егілетін болды. Осы аптаның басында бұл вакцина Еурокомиссияның қолдауына ие болып, сертификаттаудан өтті. 

Вакцина алдымен Хальберштадт қаласындағы қарттар үйінде тұратын 101 жастағы әжейге егілді. Одан кейін осындағы 40 қария мен 11 қызметкерге екпе жасалды.

Гертруде Хаазе, екпе жасаған Германияның алғашқы тұрғыны:

- Өзімді жақсы сезініп тұрмын. Ерекше түк болған жоқ. Бәрі сәтті өтті. Бұл өте қауіпті вирус. Қаншама адам одан қайтыс болды. Әйтеуір оған қарсы вакцина шыққаны – жақсы жаңалық. 

Германияда вакцинациялау науқаны бүгін басталды. Адамдарды көбірек қамту үшін ел аумағында екпе жасайтын 442 орталық ашылды. Сондай-ақ, жедел топтар құрылды. Олар өз бетімен келе алмайтын адамдарға қызмет көрсетеді. Осындай бір топ күніне 50 адамға екпе жасай алады.

Армин Лашет, Солтүстік Рейн-Вестфалия өңірінің басшысы:

- Бұл біз үшін ерекше күн. Осыдан 10 ай бұрын вирус Солтүстік Рейн-Вестфалия өңірінде алғаш рет пайда болған еді. Қазір вакцина жасалып, осында әкелінді. Мына тұрған жүк көліктері вакцинаны Германияның барлық аймақтарына жеткізеді.

Вакцина алдымен ауруға осал топтарға егіледі. Бұл қарттар үйлерінде тұратын 80-нен асқан кісілер, созылмалы аурулары бар науқастар. одан кейінгі кезекте денсаулық сақтау саласының қызметкерлері тұр. Полицейлер мен өрт сөндірушілерге де екпе салынады. Ал қарапайым тұрғындарға кезек келесі жылдың ортасында жететін түрі бар. Германия азаматтары үшін вакцина тегін. Үкімет ешкімді мәжбүрлемесе де, ел тұрғындарының 65%-і оны егуге дайын. Сарапшылардың айтуынша, бұл сан ұжымдық иммунитет қалыптастыру үшін жеткілікті .

Авторлары: Шолпан Найманбаева, Милослав Лавриновский

Хабар 24 телеарнасы