420,18 511.30 5.71
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Еурокомиссия Болгария билігін сотқа берді

  • 76
  • UPD: 08:25, 28.12.2020

Еуроодақ басшылығы Болгариядағы ауа сапасына алаңдап отыр. Осыған орай Еурокомиссия ел билігін сотқа берді. Одақтың жоғарғы атқарушы органы ресми София ауаны тазарту жөнінде 2017 жылы өзіне алған міндеттемелерін орындамай отыр деп айыптады. Соңғы күндері Болгария қалаларын қою түтін тұмшалады. 

Коронавирус індеті басталмай тұрып, Болгарияда қыста маска тағу әдетке айналған болатын.  Дәрігерлер де күн суығанда далаға жиі шықпауға нұсқау беретін. Өйткені осы кезде респиратОрлық ауруларға шалдыққан науқастар саны күрт артып кетеді. Қоршаған орта министрлігінің мәліметінше, қараша айында ауадағы зиянды заттардың үлесі рұқсат етілген деңгейден төрт есе асып кеткен. Тап сол кезде Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Болгариядағы ауа сапасы жөнінде өз баяндамасын Еуроодақ басшылығына тапсырған еді. Жалпы Болгария астанасы Кәрі құрылық аумағындағы ауасы ең лас қала саналады. Қыста Софияда ауа құрамындағы зиянды бөлшектер үлесі қауіпсіз деңгейден 20 есе асуы мүмкін.

БЛИЦ:

- Соңғы күндері ауа сапасы тым нашарлап кетті. Бұл неге байланысты екенін білмеймін, бірақ кейде дем ала алмай кетесің. Коронавирустан сақтану үшін көшеде маска тағып жүресің, ал бөлмеге кіріп, оны шешкенде түтін иісін сезесің. 

- Күндіз түтінді байқамайсың, бірақ таңертең немесе аяз соққанда металл ма әлде күкірттің ба иісі сезіледі. Қазір барлығы бетперде тағып жүргенде бұл мәселе онша көзге түспейді. Бірақ үйді желдете бастағанда пәтерге кірген түтінді байқайсың.

- Жасыма байланысты тысқа жиі шықпауға тырысамын. Өйткені көшеде екі қадам аттағаннан кейін тынысың тарылып кетеді.

Мамандардың пікірінше, мұның басты себебі Болгария тұрғындары тұрмыс деңгейінің төмендігінде. Мыңдаған үй көмір немесе ағашты отын ретінде қолданады. Ал кедейлер тұратын аудандарда тіпті дөңгелектер және пластик жағып, үйлерін жылытады. Сондай-ақ қала көшелерін де сирек жуады. Салдарынан айналаны қою тұман тұмшалайды.

Дәрігерлердің айтуынша, ауа құрамындағы  зиянды бөлшектер адам денсаулығына үлкен қауіп төндіреді. 

Радмила Пеловска, эколог:

- Орталық немесе электр жылыту жүйесіне толығымен ауысу да нағыз «таза» шешім болмас. Өйткені Болгарияда электр қуатының тең жартысын көмір жағатын станциялар өндіреді. Олар ауаны қатты ластап, Еуроодақ нормаларына сай келмейді. Көмір станциялары күйемен қатар ауаға күкірт тотығын шығарады. Бұл қышқыл жаңбырдың жаууына әкелетін улы зат. Болгарияда жер үйлер ғана емес, электр станциялары да төмен сапасы нашар көмірді жағады.

Жақында Еуроодақ басшылығы жариялаған баяндамаға сәйкес, ауаның төмен сапасы еңбек өнімділігіне де кері әсерін тигізіп отыр. Осы себепті Болгария жылына 2 миллионға жуық жұмыс сағатынан айырылып жүр. Одақ басшылығы бұл мәселені сот арқылы шешпек. Еурокомиссияның мәлімдеуінше, ауаны тазартуға тиісті көңіл бөлмесе, Болгарияға экономикалық санкциялар салынады. Ел басшылығы болса осы бағыттағы шаралардың көбісі дайындалып жатыр дейді, бірақ олар тек 2024 жылға қарай іске асады. 

Авторлар: Наталья Абильдина, Борис Димитров

Хабар 24 телеарнасы