426,99 518.00 5.93
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Ресейде жасы алпыстан асқандарға вакцина салу басталады

  • 205
  • UPD: 11:19, 28.12.2020

Ресейде Ковид 19-ға қарсы жергілікті вакцинаны қарт адамдарға салу басталады. Денсаулық сақтау министрлігі аталған екпені 60 жастан асқан егде тұрғындар үшін мақұлдаған болатын. Жалпы қазір көрші елде 200 мыңнан астам адамға вакцина салынған. 

Жергілікті «Спутник-V» вакцинасын клиникалық сынауға еріктілер қабылдау тоқтатылды. Мұның себебін екпені әзірлеушілер «бұл сынаққа қатысқандар нағыз вакцинаны ала алмай, індетті жұқтырып алуы мүмкін» деп түсіндіреді. Негізі зерттеу ісіне 40 мың ерікті тартылады деп жоспарланған, бірақ 31 мың адам ғана қатысты. Ал оның 8 мыңы емдік қасиеті жоқ екпені қабылдаған. Журналист Андрей Абрамов осы еріктілердің бірі. Ол бойында коронавируске қарсы иммунитеттің бар-жоғын білмейді.

Андрей Абрамов, ерікті:

- Зерттеушілердің ешбірі салынған плацебо ма әлде нағыз вакцина ма білмейді. Мұны жанама белгілері, салдары, температураның бар-жоғына қарап немесе зерттеуден кейін бірнеше ай өткен соң антидене деңгейін өлшеу арқылы білуге болады деген. Сынақ мерзімі 180 күнге созылады. Денсаулық сақтау департаментінен айына бір рет қоңырау шалып, жағдайымды біліп тұрады. 

«Спутник-V» екпесін сынау мерзімі толық аяқталмаса да Ресейде жаппай вакциналау жүріп жатыр. Қазірдің өзінде 200 мыңнан астам адам вакцина салдырған. Аймақтарға 330 мың доза жіберілген. Жақында тағы 3 миллион доза жеткізілмек. Қажет мөлшерді қамтамасыз ету үшін Мәскеу маңындағы Зеленоград қаласында вакцина өндіретін алғашқы кешен салынып жатыр. Сондай-ақ Еуразиялық экономикалық одақ аясында «Ковид-19-сыз» саяхатта» деген пилотты жоба басталды. Бұл ұялы қосымша. Онда тест тапсыруға болатын зертханалар тізімі берілген, нәтижені жеке qr-код арқылы алып, шекарадан өткенде көрсетуге болады. Әзірге бұл жоба Ресей, Беларусь және Армения арасында іске асуда. 

Николай Подгузов, Еуразиялық даму банкі басқармасының төрағасы:

- Бұл жүйе біріншіден, шекарадан тез өтуге мүмкіндік береді. Екіншіден, тестке деген сенімді арттырады. Себебі кез келген қағазды қолдан жасап алуға болады. Мұнда басқа екпелер және өзге аурулар туралы ақпаратты да қосуға мүмкіндік бар.

Ресейдің Қоғамдық пікір қорының мәліметі бойынша жергілікті халықтың 61 процентке жуығы коронавирусты жұқтырып аламын деп қорқады. Бірақ сонда да вакцина салдыруға келісімін беретіндер әзірге 42 процентті ғана құрап отыр.

Авторлар: Дана Нуржан, Дмитрий Настиченко

Хабар 24 телеарнасы