425,30 504.32 5.86
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Египет коронавирустың жаңа штамының ошағына айналуы мүмкін

  • 221
  • UPD: 13:56, 28.12.2020
Египет коронавирустың жаңа штамының ошағына айналуы мүмкін

Египет Африкадағы коронавирустың жаңа штамының негізгі таралу ошағына айналуы мүмкін. Мысырда оны жұқтырғандар саны еселеп артуда, бірақ олардың нақты қанша екені әзірге белгісіз. Аналитиктер Мысыр курорттарына туристердің есепсіз ағылуына байланысты жаңа штамм Африка құрлығында тез таралуы мүмкін деп қауіптенеді. Жаңа қатердің алдын алу үшін демалыс орындарында қандай шаралар қабылданады?

Египетте эпидемиологиялық ахуал қайта ушықты. Коронавирустың жаңа штамы шыққалы ондаған ел шекарасын жауып, қатаң шектеу шаралары енгізілуде. Дәрігерлердің айтуынша, белгісіз инфекция көп жағдайда балаларға жұғады. Әсіресе 15 жасқа дейінгі жеткіншектер ауырып жатыр.

Амр Фейруз, дәрігер-эпидемиолог:

- Жаңа штамның басты ерекшелігі - жылдам тарайды. Оның дәрі мен вакцинаға қаншалықты қарсылық таныта алатыны әзірге белгісіз. Зерттеу әлі жалғасуда. Сондықтан жаңа шектеу шараларын енгізу керек.

Египеттегі зертханалар жаппай тест қабылдауда. Олар жаңа штамның таралу аумағын білу үшін жанталасып әлек. Дәрігерлердің жұмысына курорттар кедергі келтіріп отыр. Саяхатшылар әлі дұрыс зерттеле қоймаған вирус түрінің таралу ауқымын тез кеңейтіп жіберуі әбден мүмкін.

Амер Ашор, Хургада медициналық университетінің оқытушысы:

- Египетке келіп жатқандардың барлығы тыңғылықты тексеріліп жатыр. Жаңа ереже бойынша туристер елден ұшып шығар алдында тест тапсырады. Бұл шара штамның басқа елдерге таралуының алдын алуға мүмкіндік бермек. Бірақ Мысырды жабық вирус полигонына айналдырмау керек. Жергілікті тұрғындармен қоса шетелдіктерді де емдеуге біздің күшіміз жетпейді.

Парламентте жақында өткен отырыста депутаттар барлық курортты жауып, коменданттық сағатты қайта жариялау мәселесін талқылады. Мамандар жаңа штамның жолын қазірден кеспесе, Египет алдымен Африка, сосын Азия мен Еуропа үшін вирус тасымалдаушы елге айналуы мүмкін деп дабыл қағуда. Осы ретте билік қаңтар айының басында түпкілікті шешім қабылдауға уәде берді.

Автор: Дмитрий Лукша

Хабар 24 телеарнасы