418,41 511.30 5.70
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Үндістанда қариялар індет кесірінен күйзелді

  • 108
  • UPD: 22:49, 28.12.2020

Карантин мен оқшаулау режимі егде жастағы үнділердің еңсесін түсірді. Зерттеу көрсеткендей, қариялардың көбі азық-түлік пен дәрі-дәрмектің тапшылығынан емес, аралас-құраластықтың шектелгенінен зардап шеккен. Кейбір аталар мен әжелер айлап үйден шықпай, ішқұса болған. Індет кезінде қарттардың 40 процентінің жүйкесі сыр беріп, айықпас күйзеліске ұшыраған.

Үндістанда жалғыз басты қариялардың мәселесі өткір тұр. Олардың жанайқайын сауалнама жасаған қоғамдық белсенділер анықтады. Еріктілер Үндістан тұрғындарының коронавирустан басқа қандай ауыртпалықтарға тап болғанын талдаған. Нәтижесінде жасы 70-тен асқан қариялардың 80 проценті бір ауыздан «жалғыздықтан жапа шегеміз» деп жауап берген.  

Баппи Мирза, психолог:

- Біз «індет-індет» деп, басқа проблемалардың барын естен тарс шығарып алдық. Оқшау тірлікке екінің бірі шыдамайды. Мұны мыңдаған психолог айтудай-ақ айтып келеді. Зерттеу енді ғана қолға алынды, бірақ цифрлардан адам шошиды. 8 мыңдай қария үйінде өліп қалған. Тағы 3 мыңға жуығы депрессиядан көз жұмған. Бұл зерттеудің бір күнгі ғана көрсеткіші.

Еріктілердің мақсаты - кінәліні табу емес, қарттарға көмек беру. Қубас қарияларды құтқару үшін оларға психологтар жіберіп, Қарттар үйін көптеп ашу қажет. Қазір жалғызбасты ата-әжелердің қасына барып-тұратын топтар жасақталуда. Сондай-ақ жасы 70-тен асқандардың медициналық картасы зерттеліп жатыр. Бұдан басқа, жергілікті телеарнада ата-анасынан жырақ кеткен жас үнділерді әке-шешесімен хабарласуға үндейтін роликтер көрсетіле бастады. Баласының бір қоңырауы - қарияның өмірін сақтап қалуы ғажап емес.

Пандит Поннаппа, дәрігер-терапевт:

- Біздің дәрігерлер Нью-Делиде 400-ге жуық қарт адамға кіріп шықты. Негізі бұл жоспарлы іс. Сонда да біз қариялардың психологиялық хал-ахуалын да тексердік. Көбі күйзеліске түскен. Олар үшін үйде отыру  тозақпен бірдей.

Тағы бір үлкен мәселе бұл қарттар дәрігерлерге сенбейді. Көбі биліктің коронавирусқа қарсы шараларына күдікпен қарайды. Әрбір үшінші қария емханаға бармай, өз бетінше емделгенді дұрыс санайды. Ал дәрігерлер шөптен жасалған вакцина карантиннен туындаған депрессиядан да қауіпті екенін түсіндіріп әлек. 

Автор: Алексей Родионов

Хабар 24 телеарнасы