420,67 511.30 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

COVID-19: жаңа штамм тез тарап барады

  • 134
  • UPD: 22:17, 28.12.2020

Бірнеше елде коронавирустың жаңа түрі анықталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұдан шошынған өзге мемлекеттер шекарасын тарс бекітіп, жүріс-тұрысты шектеді .Сақтық амалдары да барынша күшейтіліп жатыр. 

Коронавирустың жаңа штамы жайлы Ұлыбритания билігі 14 желтоқсанда хабарлаған еді. Осыдан кейін өзге елдер арадағы әуе қатынасын тоқтатты. Алайда сақтық қамына қарамастан, вирустың жаңа түрін жұқтырудың алғашы деректері Иорданияда тіркелді. Ерлі-зайыптылар он шақты күн бұрын Ұлыбританияға барып қайтқан екен. Қазір олардың жағдайы жақсы. Екеуі де үйде карантинде.

Жаңа штамды жұқтырудың алғашқы 3 оқиғасы жайлы Оңтүстік Корея билігі де хабарлады. Науқастардың барлығы – бір отбасының мүшелері. Олар да өткен аптада Ұлыбританиядан оралыпты. Қазір мамандар тағы бір отбасын бақылауға алған. Өйткені олар тақауда корольдікке барып қайтқан екен. Отбасындағы қарт кісі көз жұмған. Оның коронавирусқа тапсырған тесті оң нәтиже көрсеткен. Алайда ол жаңа штамм ба, жоқ па - бұл әзірге белгісіз.

Чон Ын Кёнг, ауруларды бақылау және алдын алу жөніндегі агенттік директоры:

– 3 науқас 22 желтоқсанда Ұлыбританиядан ұшып келген. Ахуалдың ушығуына байланысты біз арадағы әуе сапарларын тағы бір аптаға тоқтата тұруды ұйғардық. Індеттің тез таралуы мен әлемде вакцинаға деген сұраныстың артуына байланысты біз түрлі фармацевтикалық компаниялармен келіссөздер жүргізіп жатырмыз.

Алғашқы деректер жайлы Швейцария, Норвегия, тіпті Солтүстік Америкадағы Канада билігі де хабарлады.

Жаңа штамм Жапонияда да тіркелді. Сондықтан үкімет тек Ұлыбритания ғана емес, барлық елдің азаматтарына виза беруді уақытша тоқтатты. Ереже қаңтардың соңына дейін күшін жоймайды. Бұл көпшілік үшін күтпеген жаңалық болды.

Стефен Пенгаль, Германия азаматы:

– Мен осында жұмыс істеймін. Алайда жақынымыз қайтыс болып, Германияға кеткен едім. Жапония билігінің жаңа ережелері жайлы естіп, елге кіре алмай қаламыз ба деп қорқып, рейсімізді өзгерттік. Оны ертерек уақытқа жылжытып, ұшып келдік.

Сөйтіп, сақтық шаралары барынша күшейтілгенмен, британдық штамм Ұлыританиядан бөлек, Еуропаның мен Азияның бірнеше елінде, Солтүстік Америка мен Австралияда тіркелді. Одан бөлек, Оңтүстік Африка Республикасында тағы бір жаңа штамм жайлы белгілі болды. Мамандар вирустың жаңа түрі жылдам таралатынын айтады. Және жастар мен балаларға тез жұғады екен. Десе де жаңа штамм жұқтырғандардың ауруы қатерлі деген мәлімет жоқ дейді сарапшылар.

Авторлары: Жұлдыз Атагельдиева, Әмір Хайдаров

Хабар 24 телеарнасы