421,98 511.30 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Еуропада коронавирусқа қарсы вакцинаны қолдануға рұқсат берілді

  • 129
  • UPD: 22:51, 28.12.2020

Pfizer мен BioNTech компаниялары әзірлеген препарат қазір Еуроодаққа мүше елдердің бәріне жеткізіліп, адамдарға егіле бастады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазір басымдық қарттар мен қарттар үйінің жұмысшыларына беріліп жатыр. Содан кейін қалған тұрғындарына салу көзделген. 

Коронавирусқа қарсы вакцина Еуропа халқы үшін ең бағалы жаңажылдық сый болғандай. Олай дейтініміз, кеше ғана BioNTech пен Pfizer компаниялары жасап шығарған препарат Еурокомиссияның қолдауына ие болып, сертификаттаудан өтті. Осыдан кейін одаққа мүше 27 елдің бәріне бірден жаңа дәрі жеткізіле бастады. Вакцинаны соңғы уақытта шектеу шараларынан көз ашпай кеткен Германия да алды. Сөйтіп қолға жеткен екпе ең алдымен қарттар үйінде тұратын 101 жастағы әжеге егілді. Кейін осы мекемедегі тағы 40 қария мен 11 қызметкер аталған вакцинаны қабылдады.

Гертруде Хаазе, екпе жасаған алғашқы тұрғын:

– Өзімді жақсы сезініп тұрмын. Ерекше түк болған жоқ. Бәрі сәтті өтті. Бұл өте қауіпті вирус. Қаншама адам одан қайтыс болды. Әйтеуір оған қарсы вакцина шыққаны - жақсы жаңалық.

Бұл жағымды жаңалық екені сөзсіз. Бірақ науқан басталмай жатып, елде дәрі дұрыс сақталмай жатқан көрінеді. Белгілі болғандай, мыңға жуық вакцина дозасы қажетті минус 70 градуста сақталмаған. Енді мамандар бұл дозалар өзінің емдік қасиетін жоғалтты ма, жоқ па деген сауалға жауап таппай отыр. Тиісті жауапты енді BioNTech-тен күтіп отыр.

Ал Испания логистикалық мәселелерге байланысты әзірге вакцинаға қол жеткізе алмай отыр. Бұл туралы жергілікті денсаулық сақтау министрі Сальвадор Илла мәлімдеді. Оның айтуынша, қиындық препаратты тиісті температурада сақтаумен байланысты. Дегенмен проблема шешімін тапқан. Елге ертең вакцина дозалары аман-есен жетуге тиіс. Жоспар бойынша алдағы жаз мезгілінің соңына дейін Испания өз азаматтарының 70 процентіне екпе салмақ.

Сальвадор Илла, Испанияның денсаулық сақтау министрі:

– Жол картасы айқын. Біздің мақсатымыз – бүкіл испан халқын иммундап, вирусты жеңіп шығу.

Грекия да жұртты жаппай вакциналау жұмыстарын бастады. Халықтың коронавирусқа қарсы препаратқа деген күмәнін сейілту үшін оны алғашқылардың бірі болып ел президенті мен үкімет басшысы қабылдады. Жалпы, қолда бар мәлімет бойынша дертке дауа болатын дәрі алдымен қарттарға, медицина мамандарына егіледі. Сонымен қатар оны мемлекеттік қызметшілер де қабылдайды. Қазір бұл елде бас-аяғы он мыңға жуық вакцина дозасы бар. Жыл соңына дейін оның саны 84 мыңға жетуі тиіс.

Катерина Сакелларопулу, Грекия президенті:

– Биылғы Рождествоға ғылым бізге баға жетпес сыйлық жасады. Ғалымдар тынымсыз еңбек етіп, бізге мейлінше тезірек дәрі жасап беруге тырысты. Ал Еуроодақ болса, вакциналарды одаққа мүше елдердің бәріне бірдей бөліп беріп, ынтымақтастықтың ерекше сипатын көрсетті.

Ал Түркияда коронавирусқа қарсы халықты жаппай вакциянациялау кезеңі санаулы күннен кейін басталмақ. Бұл туралы осы елдің денсаулық сақтау министрі Фахреттин Қожа мәлімдеді. Оның айтуынша, келесі жылдың наурыз айына дейін 30-35 миллион адамға екпе жасалады. Бұл елде эпидемияның екпінін айтарлықтай жеңілдетпек.

Меруерт Қанағат, тілші:

- Вакцинация бүгінде Түркияның басты күн тәртібіндегі тақырып болып тұр. Коронавирусқа қарсы екпенің бірінші легі бүгін Анкарада болуы керек еді. Алайда Бейжің кеденінде коронавирус індетінің тіркелуіне байланысты бірнеше күнге кешікті. Денсаулық сақтау министрі Фахреттин Қожаның айтуынша, Қытайдың Синоваг компаниясы шығарған «КоронаВаг» екпесінің 3 миллион дозасы 2 тәуліктен кейін Түркияға жетпек. Қос ел бұған дейін 50 миллион дана COVID-19 вакцинасын сатып алу туралы келісімге қол қойған. Жалпы елде халықты жаппай вакцинациялау 4 кезеңмен жүзеге аспақ. Алғашқы 3 айда медицина қызметкерлері, 65 жастан асқандар, мүгедектер мен қарттар және балалар үйіндегілерге екпе салынады. Келесі кезекте тұрмысқа ең қажетті секторлардың қызметкерлері, кем дегенді бір созылмалы ауруы бар 50 жастан асқандар тұр.

Жалпы Түркия Sinovac компаниясынан 50 миллион доза CoronaVac, немістің 4,5 миллион BioNTech екпесін алмақ. Вакцина ел азаматтары үшін ерікті түрде жүргізіледі әрі тегін

Айта кеткен жөн, екпеге халық сенімді болу үшін алғашқы болып ел президенті Режеп Тайып Ердоған вакцина салдыратынын жұма күнін хабарлаған болатын.

Фахреттин Қожа, Түркия денсаулық сақтау министрі:

– Мен бұған дейін вакцинация міндетті болмайтынын айтқан болатынмын. Елдің екпе егу кестесі дайын. Бұл біздің азаматтар үшін мәжбүрлі қосымша болмайды. Мамандар вакцинаның қажеттілігі жайлы толық ақпарат береді. Бұдан басқа мәжбүрлеу әрекеті болмайды.

Түркияда коронавирустың қаупі 2 апта бұрынғы жағдаймен салыстырғанда едәуір төмендеген. Сонда да ел бұл ауруды жұқтыру жөнінде әлем бойынша 7-орында тұр. Соңғы тәулікте, 14 мың 505 адам дертке шалдыққан. Көз жұмғандар – 254. Қазірге дейін 2 миллионнан астам адам коронавируспен ауырыпты.

Аурудың бұрынғыға қарағанда беті қайтқанмен, түрік үкіметі карантин талаптарын жеңілдетуге асық емес. Тіпті жаңа жылға 4 күндік толық лакдауын енгізді. Барлық жерде курорттық аймақтарда, қонақ үйлерде де мерекені тойлауға рұқсат жоқ. Бұған дейінгі сақтық шаралары кезінде туристердің мекендейтін демалыс мекендері босатылған еді. Сосын 30 желтоқсаннан бастап Түркияға келетін әрбір азаматтың қолында коронавирус жұқтырмағандығы жөнінде ПТР сынамасы болуы тиіс. Олай болмаған жағдайда, жолаушыға шара қолданылады.

Жалпы вакциналау науқанына келер болсақ, қазір ел арасында екпе салуға деген ұмтылыс аса байқалмайды. Басында вакцинаны бәріміз күттік. Енді оны алдымызға тосқанда жаңа дәріге күдікпен қарай бастадық. Кеш шықса кеш дер едік, ерте шықса енді міне, тым ерте деп жатырмыз. Вакцинаның тиімді деп танылғанына қарамастан, жұрттың жүрегінде бір күмән бар. Мәселен, Ресейде вакцина салдыруға келісімін беретіндер әзірге 42 процентт қана. Ал Германияда бұл көрсеткіш сәл жоғары. Ел тұрғындарының 65% оны егуге дайын екен.

Хабар 24 телеарнасы