419,54 511.30 5.71
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Украинада 1 қаңтардан бастап газ бағасы өседі

  • 69
  • UPD: 12:50, 29.12.2020

Жаңа жылдың бірінші қаңтарынан бастап Украинада тұрмыста тұтынатын газ 14%-ке қымбаттайды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Көгілдір отынның өсімін мамандар Еуропа нарығындағы бағамен байланыстырады. Атап өту керек, бұдан былай Украинада ел тұрғындарына арналған газ бағасын мемлекет емес, тасымалдаушы компания реттейді.

Аида Қыдырбай, тілші:

- Биыл Украинада ел тұрғындарына арналған газ нарығы жұмыс жасай бастады. Бұл дегеніміз – мемлекет тұрмыста тұтынатын газдың бағасын енді реттемейтін болды, керісінше, тұтынушы көгілдір отынды кімнен сатып алатынын өзі шешпек. Демек, әр тұрғын газды сатып алу үшін лицензиясы бар 700 компанияның біреуін ғана таңдап алуға құқылы және сол компаниямен жылдық келісімшартқа отырмақ. Атап өту керек, Украинаға мұнай және мұнай өнімдерінің 80%-і шет елден тасымалданады. Сондықтан мұндағы газ бағасы өте құбылмалы келеді.

Александр Сиренко, мұнай және газ саласының сарапшысы:

- Газдың жеткілікті бөлігі Украинада өндірілгенмен, баға тұрақты емес. Себебі газ құны тікелей еуропалық хабқа тәуелді. Желтоқсанда тұрмыста тұтынатын көгілдір отын бағасы өсті, бұл өсім қаңтарда да жалғасын таппақ. Сәйкесінше, барлық компаниялар да газ бағасын көтеретін болады.

Тұрмыста тұтынатын газдың бағасына қатысты ашық нарықтың пайдасын Киев тұрғындары әлі толық сезінген жоқ. «Керісінше, газ бағасы ай сайын шарықтап келеді», - деп шағымданады олар. «Алайда, газ нарығы жұмыс жасаған күннен бастап компаниялар арасында бәсекелестік болады, сәйкесінше, көгілдір отын бағасы тұрақталады» - деп мәлімдеген еді мемлекет. Алайда, жаңа жылдан бастап текше метрдің құны тағы 14%-ке артпақ.

Блицы 1:

- Анамның 120 шаршы метрлік үйі бар, үйдегі температура үнемі 16-18 градус. Бір айда жылудың бағасы 3500 гривень болды, ал зейнетақы 2500 гривень. Күн суыса, төлем арта түспек»

Блицы 2:

- Бағаны мемлекет қадағаласа, дұрыс болатын еді. Зейнетақы 7 гривеньге өсті, ал газ бағасы 200-300 гривеньге қымбаттап отыр.

Блицы 3:

- Айлығым 3500 грн, газға осы айда жалақымның тең жартысын төледім. 48 шаршы метрлік екі бөлмелі пәтерім бар.

Аида Қыдырбай, тілші:

-  Тұрғындарға көгілдір отынды сатушы және оны жеткізуші компания газ бағасын өзі қалыптастырып отырады. Бұл баға әлбетте әлемдегі газ құнына да қатысты құбылмақ. Дәл қазіргі уақытта елде көгілдір отын қоры жеткілікті: Украинаның газ сақтау қоймаларында 23 млрд текше метрге жуық рекордық көлемдегі көгілдір отын жиналған. Дей тұрғанмен, ашық нарықтың салдарынан газдың құны Еуропамен теңесе бастаған, алайда, елдегі отын бағасы Еуроодақпен тең түскенмен, Украинадағы әлеуметтік төлемдер мен жалақы және жалпы өмір сүру деңгейі Еуропа елдерінен әлдеқайда төмен.

Авторлары: Аида Қыдырбай, Петро Борейко

Хабар 24 телеарнасы