420,29 511.30 5.69
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Астрахань облысындағы Иманбаевтар балалар үйінен жеті жеткіншекті бауырына басқан

  • 66
  • UPD: 12:34, 29.12.2020

Ресейдің Астрахань облысы Алтынжар ауылында алтын жүректі адамдар тұрады, деп хабарлайды «Хабар 24».

2 туған перзенті бар ерлі-зайыпты Иманбаевтар балалар үйінен 7 жеткіншекті бауырына басқан. Көп балалы отбасы қазір Жаңа жылға қызу дайындық үстінде. Әсіресе, бұл мереке кейбір балалар үшін ерекше болғалы тұр. Себебі бұл олардың отбасымен қарсы алатын алғашқы Жаңа жылы.

Ернат Мелсұлы, тілші:

- Жаңа жыл тоғыз жастағы Вася үшін ерекше болғалы тұр. Ол мектептегі таңғы сауықты тамашалап, мерекені үйіндегі шыршаның жанында жалғастырмақ. Оны әпкесімен бірге Иманбаевтар әулеті асырап алған. Руслан мен Роберт дүниеге келгеннен кейін көп балалы отбасында өскен Жұмағазы апаның әрі қарай бала көтере алмайтыны белгілі болған.

Жұмағыз Иманбаева, көп балалы ана:

- Қазақтар айтады ғой: Алладан ұл емес, қыз сұра деп. Мен де қызымның болғанын қаладым. Бірде музейге балалар үйінен жеткіншектер келді. Сонда алғаш рет қыз бала асырап алсам ғой деген ой туды. Ресей заңы бойынша негізі Надя өз бетінше өмір сүруі керек еді. Бірақ біз оны өзіміздің баламыз деп есептейміз. Материалдық, моралдық тұрғыда қолдаймыз. Ұзатып, күйеуге берсек, тойын тойласақ, одан немере сүйсек деп армандаймыз.

Кейін отбасына Темірлан, ағайынды Алма мен Замир, Диана және Вася мен әпкесі Лариса қосылды. Барлығы тұрмысы төмен отбасынан шыққан. Кейбірін асырап алған ата-аналар кері қайтарып жіберген. Отбасы жылуын олар Иманбаевтар әулетінен тапты.

Жұмағыз Иманбаева, көп балалы ана:

- Ең бастысы – махаббат. Асырап алған отбасы балаларға жүрегімен елжіреп тұрмаса түк шықпайды. Мүмкін маған педагог болғаным көмектесетін шығар. Бұл балаларды шексіз жақсы көрем. Оларсыз мына тіршіліктің еш мәні жоқ. Өздері әп-әдемі. Әрқайсысы өмірден орнын табады деп ойлаймын.

Жұмағыз апа бәріне үлгереді. Өзі Құрманғазы музейінде ғылыми қызметкер. Отағасы Түсіп Шамғонұлы да осында жұмыс істейді. Олар балаларын «біреудің ала жібін аттама, тәртіпті бол» деп үйретеді.

Замир Кабделов, Иманбаевтар әулетінің ұлы:

- Маған қалада оқитын бір үлкен ұл тиісті, сол кезде мені ағам қорғады. Отбасымыз тату-тәтті. Кейде ағаммен, анаммен келіспей қаламыз. Бірақ кейін тіл табысып, ұрыспай жүруді үйренеміз. Басқалар біз туралы жақсы айтса екен дейміз. Біз бақытты отбасымыз.

Жүрегі мейірімге толы Жұмағыз апа мен Түсіп ағаның арқасында Вася мен оның аға-әпкелерінде отбасылық мерекелер ғана емес, жарқын болашаққа деген нық сенім де пайда болды.

Авторлары: Ернат Мелсұлы, Дана Нұржан

Хабар 24 телеарнасы