426,73 523.00 5.95
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Нью-Йоркте мейрамханалар мен дәмханалар шетінен жабылып жатыр

  • 180
  • UPD: 14:26, 29.12.2020

Желтоқсанның 14-інен бастап Нью-Йорк губернаторы Эндрю Куомоның қаладағы ресторандардың ішінде отырып тамақтануға тыйым салғанын айтқан едік.

«Сырттағы орындарда отырып тамақтануға рұқсат берілгенімен, күн суытып, сұраныс жоқтың қасы», - дейді мамандар. Салдарынан шағын бизнес өкілдерінің бірқатары қарызға батып, дені жабылып жатыр.

Талғат Алманов, тілші:

- Ресми дерек бойынша Нью-Йорк қаласында 25 мыңға жуық тамақтану орны жұмыс істейді. Наурыз айнынан бері оның мыңнан астамы өз жұмысын тоқтатқан. Өйткені он айға жуық қаржылық қиындық көріп келген шағын және орта бизнес өкілдеріне мемлекет тарапынан бөлінген қаражат жеткіліксіз.

Джон Грушман, мемлекеттік басқару профессоры:

- Пандемия басталғалы мейрамханаларға берілетін қаржылай көмек жүйесіз атқарылып келді деп ойлаймын. Мәселен қаржылай қолдауға өтінім берген компаниялардың арасында қаржатқа ең бірінші болып қол жеткізгендер негізінен ірі кәсіпорындар. Ал шағын бизнес өкілдері екінші кезекке қалдырылды.

15 жылдық тарихы бар мына тамақтану орны да бірнеше күннен соң жабылатын болды. Жұмысшыларының саны мен қосымша шығындарын барынша қысқартқан ресторан иесі шектеу салдарынан шығынға батқанын айтады. Тіпті жалға алып отырған жайын да төлеуге қаражаты жетпей қиналған. «Жалға беруші тарап болса, жеңілдік беруден бас тартты», - дейді кәсіпкер.

Тика Рахматика, ресторан қызметкері:

- Пандемия басталғалы біз бірнеше рет уақытша жабылған едік. Соңғысы жазда болды. Алайда бұл жолы біз бір жолата жабыламыз деп шештік. Өйткені бұлай жалғаса берсе шығына бата береміз. 15 жылдан бері бұл мейрамхана біздің отбасылық кәсібіміз болған еді. Бұдан басқа ешқандай табыс көзі жоқ. Мұндай шешімді қабылдау біз үшін оңай болған жоқ.

Штат губернаторы Эндрю Куомоның желтоқсан айындағы кезекті шектеулерінен кейін қаладағы 40 мейрамхананың қожайыны сотқа шағымданып, губернатордың шешімін өзгертуін талап етті. Нью Йорк штатының Жоғарғы соты болса келесі дүйсенбіге дейін тамақтану орындарының мәселесін май шаммен қарап, губернатор әкімшілігінен түсіндірме жұмыстарын күтетіндігін мәлімдеді.

Авторлары: Талғат Алманов, Ринат Садыров

Хабар 24 телеарнасы