420,67 511.30 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Коронавируске қарсы вакцина түрінің көбеюі адамзатқа үміт сыйлап отыр

  • 120
  • UPD: 21:42, 29.12.2020

Қазір Америка мен Еуропада жаппай қолданылып жатқан Pfizer мен Moderna препараттарына жуырда тағы бір бәсекелес дәрі шығады. Ол AstraZeneca компаниясының өнімі.

Қарашада жүргізілген сынақ кезінде бұл препарат 70 проценттік тиімділігін көрсеткен еді. Бірақ содан кейінгі зерттеу жұмыстары барысында ғалымдар оның тиімділігін әлдеқайда арттырған. Қазір мамандар «бұл вакцина Британияда табылған жаңа штамды жеңуге қауқарлы ма, жоқ па» деп бас қатырып жатыр екен. Осы бір сауалдың жауабы әзірге белгісіз. Анығы, бұл дәріні арнайы мұздатқышта емес, әдеттегі тоңазытқышта сақтай беруге болады. Бағасы да «Пфайзерге» қарағанда 3 есе арзан. Сондықтан бұл препаратқа көптеген елден сұраныс түсіп жатыр екен.

Адар Пунавалла, Үндістанның сарысу институтының бас атқарушы директоры:

- Жуырда Ұлыбританиядан жақсы жаңалық жетеді деп отырмыз. Оны бәріңіз естисіздер. Яғни елімізге AstraZeneca препараты келуі керек. Аталған мекеме басшысының айтуынша, вакцинаның тиімділігі 90-95 процентке жетеді.  

Ал американдық «Новавакс» сынақ жұмыстарының соңғы кезеңіне өтті. Зерттеу жұмыстары АҚШ пен Мексика аумағында орналасқан 115 орталықта жүріп жатыр. Оған 30 мың ерікті тартылған. Сынақ соңында дәрінің қауіпсіздігі мен тиімділігі расталса, келер жылдың басында Novavax АҚШ азаматтарына 100 миллион доза жеткізуді жоспарлап отыр.

Іргедегі Ресейге ойыссақ. Елде жаппай вакциналау науқаны жүріп жатқанына қарамастан жағдай қазір күрделі. Өткен тәулікте тағы 27 мың адамнан қауіпті вирус табылды. Індеттен ең көп зардап шегіп отырған Санкт-Петербург пен Мәскеу облысы. Соған қарамастан тұрғындар арасында жаңа жылдық мерекеге дайындық жұмыстары қызу.

Дана Нұржан, тілші:

- Ресей халқы коронавирусқа қарсы қай вакцина ектіретінін өздері таңдай алады. Вице-премьер осылай деп отыр. Келесі жылдың бірінші тоқсанында тұрғындарға Спутник Ви және ЭпиВакКорона екпелері ұсынылады. Жалпы елдегі ахуалға келетін болсақ, 31 желтоқсан барлық өңірде демалыс күні деп жарияланды. Әлеуметтік сауалнама нәтижелері көрсеткендей, бұл шешімді халықтың 80 проценті қолдайды екен. Мереке кезінде шектеулер күшейтіледі. Әсіресе қатаң ережелер Санкт-Петербург пен Калининградта енгізіледі. Ертеңнен бастап Санкт-Петербургте мейрамханалар, барлар мен дәмханалардың жұмысы шектеледі. Ал Калининградта барлық көңіл көтеру мекемелері 3 қаңтарға дейін жабық болады.

Ал Мәскеудегі ахуал қандай? 31 желтоқсанда дәстүрлі сайран салу бола ма әлде билік олардан бас тартты ма? 

Дана Нұржан, тілші:

- Шектеулерге байланысты Мәскеу қаласы мен Мәскеу облысында жаңажылдық жаппай іс-шаралар, концерттер мен фестивальдер болмайды. Ресей астанасында қазір мейрамханалар мен дәмханалар тек түнгі 11-ге дейін жұмыс істейді. Яғни бұл орындарда Жаңа жылды қарсы алуға болмайды. Негізі қазір елдегі эпидемиологиялық ахуал күрделі. Алайда халық мойымай, жаңа жылда жағдай оңалуы мүмкін деп отыр. 

БЛИЦ:

- Келер жылы әлемде тұрақтылық орнап, жағдай түзелсе екен. Маска дегенді ұмытсақ қой.

- Жаңа жылдан сиқыр күтеміз. Адамдар енді ауырмасыншы. 

Дана Нұржан, тілші:

- Сауалнама нәтижесі бойынша әрбір оныншы тұрғын ауырмауды армандайды екен. Халықтың 7 проценті қашықтан жұмыс істеу тәртібі бір жылға жалғасса екен деп тілесе, тек 2 проценті ғана кеңсеге қайта оралуды қалайтын көрінеді.

Германияда вакцинамен байланысты тағы бір оқыс оқиға болды. 8 азаматқа қателікпен «Пфайзер» мен «Байонтек» әзірлеген коронавируске қарсы вакцинаның бес еселенген дозасы салынған. Бәрі қарттар үйінің тұрғындары болып шықты. Осы бір келеңсіз жайтқа препаратты дайындаумен айналысатын қызметкердің қателесуі себеп болған. Абырой болғанда, ешкімде қиындық тумаған. Жалпы мұндай жайт клиникалық сынақ жұмыстары кезінде қарастырылса керек. Еріктілерге шамадан тыс екпе егілген.  Бірақ олардан дәрінің жанама әсері байқалмапты.

Хабар 24 телеарнасы