421,98 511.30 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Британияда коронавирус жұқтырғандар саны рекордтық көрсеткішке жетті

  • 80
  • UPD: 15:55, 30.12.2020

Ұлыбритания ауруханаларында коронавирус жұқтырғандар саны артып, рекордтық көрсеткішке жетті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ұлттық денсаулық сақтау қызметі науқастарға арналған төсек-орындары мен медицина қызметкерлерінің тапшылығы сезіліп жатыр деп дабыл қағуда.

Біріккен корольдікте мұндай жағдай пандемияның бірінші толқыны кезінде де болмаған. Жедел жәрдем қызметіндегілер үш есе артқан шақыруларға барып, үлгермей жатқандарын айтады. Тек Англияда індеттің ілмегіне ілініп, ауруханаға жатқызылғандар саны 20 500-ге жетіп отыр. Бұл коронавирус жұқтырудың шарықтау шегі болған сәуір айындағы көрсеткіштен әлдеқайда жоғары.

Эдриан Бойл, жедел жәрдем қызметінің дәрігері:

– Жедел жәрдем қызметі жол апатына ұшыраған немесе жүрек талмасын сезінген адамдарға да қол ұшын созулары керек. Бірақ біз шарасызбыз, өйткені ауруханаларда бос орын жоқ.

Соңғы тәулікте науқастар саны 53 мыңнан, ал қайтыс болғандар саны 400-ден асып жығылды. Вирустың мутацияға ұшыраған жаңа түрі елді әлі де кезіп жүр. Бүгінде 24 миллион британиялық, яғни халықтың 43 проценті қатаң коронавирустық шектеулерге бағынуға мәжбүр. Яғни Ұлыбританияның басым бөлігінде азық-түлік дүкендері мен дәріханалардан басқаның бәрі жабық. Үйге әсіресе мереке күндері қонақ шақыруға тыйым салынған.

Саймон Стивенс, Англия ұлттық денсаулық сақтау қызметінің бас атқарушы директоры:

– Әдетте біз бұл күндері мереке тойлайтынбыз. Бірақ көп адамның түсінікті себептермен, мазасы қашты. Өйткені біздің елде екінші толқынның шарықтау шегі болып жатыр. Көбіңіз отбасы мүшелеріңізбен, достарыңызбен және әріптестеріңізбен қош айтысуларыңыз мүмкін. 

Алдағы көктемнің соңына таман коронавирусқа қарсы вакцина жаппай егіліп, жағдай жақсарады деген үміт бар. Бүгінге дейін тәуекел тобына жататын 800 мыңға жуық адам Pfizer/BioNTech екпесінің бірінші дозасын алғаннан кейін екіншісін қабылдағалы жатыр. Үкіметтегілер Oxford/AstraZeneca екпесі де мақұлданып, вакцинацияның ауқымы кеңейеді деп үміттенеді. Ал әзірге Біріккен корольдік жаңа жылды қатаң карантиндік шектеулерді сақтай отырып, қарсы алуға мәжбүр.

Ғалымжан Қараманұлы

Хабар 24 телеарнасы